Тылдағы тірлік ауыр еді
Былтырғы жылдың соңында теледидардан ардагерлер туралы заң жобасының қабылданатыны айтылды. Депутаттар жан-жақты талқылады. «Қостанай таңынан» хабарласып, заңның қабылданғанын жеткізді. Бір қуанып қалдым. Расымен де ардагерлердің әлеуметтік мәртебесін айқындау керек еді. Маған бір ұнағаны соғысқа қатысқандармен теңестірілген тылдағы еңбеккерлердің мәртебесі болды. Неге десеңіз, жас балалар станокта тұрмаса, ауылда қалған шалдар мал бақпаса, әйелдер киім тоқымаса, біздің жеңіске жетуіміздің өзі неғайбыл еді. Сол себепті президенттің тылдағылардың әлеуметтік мәртебесін арттырып, қолдауы ұтымды, дер кезінде қабылданған шешім болды. Соғыстағылардың қиындығы бір бөлек, тылдағы жұмыстың ауырлығы одан да күшті-тін. Біз оны сездік, білдік. Елде қалғандар ашаршылықты да, жетімдікті де көрді. Бірақ олардың бар ойы біздің қамымыз еді. «Бәрі де майдан үшін» ұраны бірінші орында тұрған кезең ғой.
Шүкір, елімізде ардагерлерге деген құрмет басым. Жыл сайын мерекелерде басшы-қосшылар келіп, құттықтап отырады. Біздің тілегіміз – елді дамуы, жастардың елге тұтқа болуы. Дамып кеткен Жапония сияқты елдермен тереземіз тең дәрежеге жететіндей жұмыс істеу қажет. Сол үшін де жас ұрпақты қолдаудың маңызы зор.
Қасымхан Алдаберген, ҰОС ардагері,