Солдатқа арналған хат

"Алтыннан да ардақты, менің ағатайым, Қайрош, қалыңыз қалай? "Ерсiз ел болмайды, елсiз ер болмайды" деп Бауыржан атамыз айтқандай, елің үшін күресуге аттанғаныңа 1 жыл 4 айдың жүзі болды.
Ауылда айтарлықтай жаңалық жоқ. Аязды қыстан, жаңбырлы күзден құтылып, жайма-шуақ жазға да жеттік. Сенің тайды үйретіп, кішкене қошақандарды жайылымға алып кетіп, кешке қарсы алып қамайтынымыз бәрі-бәрі бүгешігесімен көз алдыма келеді. Біз сізді қатты сағындық. Сағынсақ та қиыншылықта жаудың күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасуға аттануыңды отбасымызбен ерлік деп санап, көкірегіміз-ге мақтаныш сезімін ұялатамыз.
Өткендегі келген соңғы хатыңды әжем кеудесіне салып қойды. Сол хатыңда Москвадан кетіп, басқа қалаға бара жатырмыз деп едің, аман-есен жеттіңдер ме? Сенің хатыңды әжеме күніне сан мәрте оқып береміз. Әр оқыған сайын әжем көзін бір нүктеге қадап ұзақ отырады. Мүмкін, сенің үйдегі кездеріңді көз алдына елестететін болар. Әлде, өмір мен өлім арасында жүргеніңді уайымдап отыратын шығар…
Ағатайым менің! Сіздің қалың оқтың ортасында жүргеніңізді ойласам, менің де жұдырықтай жүрегім қатты ауырып кетеді. Мен сіздің елімізді сыртқы жаудан қорғап, аман-есен оралатыныңызға сенемін! Сіздің бойыңыздағы отаншылдық сезімі бізге үлгі. Мен сізді, сізбен бірге жүрген әр отандасымды мақтан тұтамын. Сіздер ел үшін, тәуелсіздік үшін, біз үшін кеуделеріңізді оққа тігудесіздер. Сіздердің ерліктеріңіз мәңгілік жүректе сақталады деген ойдамын. Осы бір жүрегімнен шыққан жылы сөздерімді достарыңызға да оқып беріңізші! Олар да білсін, өздерін әр шаңырақта мен сияқты балалар мен әжем сияқты аналардың күтіп отырғанын. Менің осы бір хатым сіздерге күш-жігер, рух беріп, елге аман-есен оралсаңыздар екен деп тілеймін!".
* * * * *
Міне, осындай хат әжемнің сандығының түбінен табылды. Әжем, марқұм, өз ағасына осы хатты жазған екен. Ал қазір, аспанымыз ашық, еліміз тыныш. Пандемия, яғни, уақытша мәселе болмаса, барлығы жақсы. Ұлы Отан Жеңісінің 75 жылдығы өкінішке қарай, кең көлемде тойланбайды.
Сіздің уақыт қан төгіскен жылдар болса, біздің заман үйде отырып, індетпен күрескен уақыт болып тұр, ата… Бірақ, біз жағдайдың дұрысталып, артта қаларына, қазағымның кең даласында емін-еркін жүріп, сіздер қорғап қалдырған елді өркендетуге біздің де үлес қосатынымызға кәміл сенімдіміз.
Дильназ ТАЙКЕШОВА,
№28-ші Құсмұрын орта мектебінің 8-сынып оқушысы.
Әулиекөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓