Жаңа кабинет жаңа емле оқытады
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашыққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне екі жыл толды. Осы аралықта біздің өңірімізде де талай ауқымды шара жүзеге асырылды. Соның айшықты көрінісі – «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің оқыту кабинеті ашылып отыр. Салтанатты ашылу шарасына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, өңірдегі мемлекеттік мекмелер, этномәдени орталықтар өкілдері, зиялы қауым, тілшілер шақырылды.
– Биыл облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолдауымен аймақ бюджетінен орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және жаңа кабинет жабдықтауға 7 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл орында қысқа мерзімді курстарды оқыту жоспарланған. Әдіскер-оқытушыларымыз 24 сағаттық қысқа мерзімді оқыту бағдарламысын әзірледі. Ғалымдар мен тіл мамандары әдістемелік отырыста оған толықтырулар енгізіп-бекітті, – дейді «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жұлдызай Ербатырова.
Орталықтың http://tildaryn.kz/ сайтында «ОҢАЙ ОҚЫ, ОҢАЙ ЖАЗ» жаңа әліпбиді меңгеруге арналған онлайн оқыту платформасы іске қосылып отыр. Онда әліппе, конвертер, әдістер, тапсырмалар, тестілеу айдарлары бар әрі сайтта тілді өз бетінше оқып-үйренуге болады.
Тіл өте күрделі мәселе. Латынға көшу кезінде жан-жақты талдаулар, зерттеулер ескерілу керек. Кейде асығыстық жасап жатамыз. Осы тұрғыда тіліміздің де кең сақталып қалуына бар күшімізді салуымыз маңызды. Ел ағалары, тіл жанашырлары осылай дейді.
– Кеңестік дәуірден бері жазылған қаншама әдебиетіміз, басқа да оқулық құралдарымыз кирилл қарпінде басылды. Ертең олардың барлығын жаңа емлеге аударып шығу мүмкін емес қой. Тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы КСРО-дан тараған Әзірбайжан, Өзбекстан латын әліпбиіне өтіп, көп зардап тартты. Сонда олар бізге асықпаңдар деп ескертті. Ал Елбасы осы науқанды әбден пісіріп-жетілдіріп барып енгізіңдер деді. Бірақ ғалымдар мен мамандардың бірқатары осыны өте жеделдетіп отыр. Кейінгі кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жағын әлі де бүтіндеп-түгендеп алуды айтты. Сол себепті, лингвистер әлі де мұқият егжей-тегжейлі жұмыс істеу керек, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Кенжебек Укин.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру» жобасы бойынша соңғы екі жылда 6 мыңнан астам іс-шара өткізілігенін жеткізді. Былтыр жобаны іске асыруға 19 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Өткен жылғы Ұлттық комиссия мақұлдаған қазақ тілінің латынға негізделген емле-ережесін өңір тұрғындарына оқытып-үйрету мақсатында биыл 22 млн теңге бөлініп отыр.
Ал 18-19 сәуірде Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ-де ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбында республикалық шара ұйымдастырып жатыр. Онда тіл оқыту орталықтарының оқытушыларына дәріс-семинар өткізеді.
Суреттерді түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ