Жылқыңнан айырылсаң –шырқыңнан айырыласың
"Бұрынғылар айтпады деп жүрмесін"
Газетімізде жарияланған (25 шілде, 29 шілде 2014ж.) "Кие мен ие" атты екі автордың сұхбат-әңгімесінің атауының өзінде де құпия-магиялық сыр жатыр. Кие – жылқы, ие – қазақ. Сонда "Жылқы мен қазақ" ұғымы шығады.
Екі авторымыз да (Н.Кикебаев пен Ж.Аязбеков) қазақтың ұлт ретінде қазақ болып қалу қамын ойлап, кең толғап, заман "зарын" алдарыңа ашық жайып тастап отыр. Ұлт қор-ғаушысы ақты-қараны жұртының санасына осылай жеткізсе керек.
"Кие мен иеде" айтылған көп. Бәрін теріп жатпаймыз, ұзаққа кетеміз. Әйтсе де…
"Ат үсті – төбе үсті", – дейді. "Ат үстіндегі қазақ – тақ үстіндегі қазақ", – дейді Жанұзақ. Мен ат үстінде көп жүрген қазақпын. Сондықтан да шығар, анадан туған қалпымда жүзге тартып барамын. Осы жасымда мен мінбеген бұрын-соңды көлік жоқ. Тек ғарыш кемесіне мінбегенім болмаса. Жер, су, аспан техникалық транспорттарынан күні бүгінге дейін түспей келемін. Және тегін жүремін. Ұлы Отан соғысының ардагері (әзілім ғой). Айтпақшы, парашют дейтін де "көлік" бар. Сонау көз жетпес биіктікте ұшақтан "түсіп" парашютке "мінесің", көктің көрпесінде көсіліп, бұлт жастанып, қыран боп қал-қып, аспаннан аяғың салбырап жерге түсесің.
Бірақ, осылардың бәрі, әй ат үстіне жетпейді-ау, жетпейді!!! Нәбидолла былай дейді. "Ат үстіне отырған қазақтың жүрек-жүйкесін, тұла бойын айрықша бір сезім, күй кернейді. Қиялыңа қанат бітеді, арман құсы шарықтайды". Иә, ғалым қазақ дұрыс айтады. Әр қазақтың да жүрек-сезімін жеткізіп тұр.
Шынында да, атқа салт мініп, анау қырға барып қайтыңызшы. Сіз басқа бір дүниеге кіріп кеткендей боласыз. Жаратылыс жарықтық сені тылсым сырға бөлейді. Тәңірмен тілдесесің, періштелер де осында жүр, хордың қыздары да…
"Қазаққа жылқы қайтып келмей, қазаққа қазақ қайтып келмейді", – дейді тағы бар ғалым ашынып осы мақалада.
"…Тарих дөңгелегі кері айналмасы, бұрынғыдай аттылы күйге түспесіміз анық", – деп босаңсиды Жанұзақ.
Жоқ, Жанұзақ! Тарих дөңгелегі кері айналмасы анық, бірақ қайтып оралады. Тарихта шексіз түзу жол болмайды. "Дүние бір қисық жол бұраңдаған" демей ме қазекем. Жылқы қайтып келмесе, қазақ та құрдымға кетпей ме ұлт ретінде?
Елге кешегі Кеңес үкіметі келіп орнағанда, қазаққа үстемдігін оның қолындағы малынан бастады. Малы – жылқы, 1928 жылы біздің Жітіқара ауданынан 15 ірі бай кәмпескеленді.
1.Рсаев Садық – №2 ауыл, 2.Жиенбаев Қарамақан – №3 ауыл, 3.Мырзабеков Сансызбай – №3, 4.Мінайдаров Сейіт – №5, 5.Байбейісов Мұқан – №8, 6.Исмаилов Омар (Досов болып жазылады – №8, 7.Зайнуллин Қорғанбек – №11, 8.Итекеев Әсіл – №11, 9.Боранбаев Сейіл – №12, 10.Қыстаумұратов Әбдірахман – №14, 11.Серкебаев Құрманғали – №15, 12.Жақсымбаев Беркімбай – №15, 13.Бәйтішов Байқоныс – №16, 14.Саналиев Бекарыстан – №16, 15.Қондыбаев Сейітжан – №18.
Енді осылардан тәркіленген жылқы мен қойды есептеп көріңіз. Мысалы, Боранбаев Сейілден 400 жылқы, 700 қой. Бұл тізімге іліккендері ғана. Сонда он мыңдап қой, жылқы мекендеген аймақ қазір неге тап-тақыр?! Жер орнында, көл-суы орнында, табиғаты орнында: жазы – жаз, қысы – қыс. Ал, мал жоқ. Малы жоқтың жаны да жоқ.
Қайран да қайран далам-ай,
(Өтсейші көзім қарамай).
Өрісінде малы жоқ,
Өргізіп жүрген жаны жоқ
Жүгірген аң, ұшқан құс
Ауғаны ма, тағы жоқ.
Отырған ауыл жағалай
Айдынды көлі, шағалай
Қаңырап қалса, бұл қалай?! – деп те-біренеді бүгінгілер.
Ауылға қайт, қарағым,
Қарайтып қазық қадағын.
Қазағыңа байланып,
"Аспандағы айды алып"
Өркен жайып тарағын.
Қайраттанып іс қылсаң,
Табылар керек-жарағың.
Өнер – білім: өрісің,
Бәрі де бүгін сен үшін!
Қолыңда мына заманың,
Жайнатсаң соны жарадың.
Ауылға қайт, қарағым! – дейтіндер де солар: Атамекен, Аруақтар.
"Қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" демекші, қазақты қазақ еткен – жылқы. Жылқы – қазақтың бүкіл болмысы. "Адам (қазақ) жылқы мінезді" деуі де содан. Иә, сені адам ғып жаратушы Ұлы күш – Табиғат, ал Ұлт етіп ұйытқан, қалыптастырған – Жылқы! Адамды қанында, тегінде деп жатамыз ғой, қазақ сол жылқымен тектес. Жылқының бойында, міне-зінде, өмір сүру "мәдениетінде" ерекше қасиет, кие бар. Оны жылқы ұстаған адам біледі, өмірін жылқымен бірге кешкен адам біледі. Ер серігі – ат. Иә, мен мұны бастан кешкен, сынаған адаммын, сондықтан айтам.
Жанұзақ: "Егер турасын айтсаң, қазақта бұл иммунитеттің жаңғырығы ғана қалды".
Нәбидолла: "Қазір әлемде жылқының адамдық интелектіне жақындығын танып…"
Беделді бір газеттен ("Қазақ әдебиеті" болса керек) оқығаным бар, әңгіме "Ай-ғыр кісі" деп аталады. Ауылда айтулы бір айғыр болады. Жылқыны жаңағы айғыр ит-құстан, табиғат апатынан (қысқы дүлей борандар) адамнан бетер аман сақтап жүреді.
Жаз айлары. Ауылда киіз үйде бір әйел босана алмай қатты қиналып жатады. Желі басында жүрген жаңағы айғыр шауып келіп, есіктен басын ішке шығарып, кісінеп кеп жібереді. Сонда бала шыр етіп жерге түседі. Бұл – болған шын оқиға.
"Жылқының сесі, демі жын-шайтанды қашырады, – дейді Нәбидолла өз сұхбатында.
Жапан далада шауып келе жатып сүрінген аттың үстінен талай ұшып кетіп жүрді бәлен метр жерге. Ұшып түрегеп атыңа жүгіресің. Тұрады тізгінін салбыратып. Сені далада қалдырмайды.
Қазақта: "Үстінен құласаң, жылқы жалын төсейді, түйе – шудасын, ал сиыр мүйізін төсейді" – деген бар. Шынында да, сиырын білмеймін, бұзаудан құлап жүрдік, оңбай құлайсың, жарақат алмай қалмайсың.
Айта берсек төрт түліктің төресі жыл-қының асыл қасиеттері қаншама: жершілдігі, тазалығы, адалдығы, сезімталдығы, көрегендігі, төзімділігі, барын сарқа беретіндігі, секемдігі, т.т. Осының бәрі оның тектілігінде. "Мал демесең, адамнан артық", – деп жатады халық.
Жылқының түр-түсін, жүрісін атауда қазақтан асқан бай тіл болған емес, жоқ та. Жылқының түсі негізінен: күрең, торы, қара, боз, көк, шұбар, бурыл, сұр, сары, құла, шаңқан, бөрте, шағыр, тарлан, төбел, қасқа, т.б. Үнемі бірыңғай (бір түсті) түсті бола бермейді. Мұндайда қосып айтылады: құлагер, қара көк, қызылкүрең, ақбоз, көкбоз, күреңтөбел, қарақасқа… Салт аттың (сыбай аттылы деп те айтылады) жүрісі: ілбу, аяң, сары аяң, кекілқақпай, бүлкіл жорту, желу, Шоқыту, шабу (ақырын, қатты). Жыл-қының жорға жүрістісі де болады. Бұл – туа бітетін аяқ алыс. Жүрісінен жаңылмайтын, ат шауып ере алмайтын жорғалар болады (су жорға).
Жорға жүріске атты үйретуге де болады, бірақ, жастайынан. Ол үшін шідер салып мінеді де айдайды. Шідер салу – бір жақ екі аяғын (алдыңғы, артқы) тұсау, шідерлеу. Мұндай аттар жүрісінен жаңыла береді. Жорға мен жорту ауысып кетеді. Шертпе күй мен төкпе күйді тең игерген күйшінің саусақтары секілді мұндай аттың аяқтары.
Жылқының затына, қанына, тұқымына келер болсақ, жер бетіндегі фауна мен флора табиғи түрде жетіліп, дамып отырады. Онда да әлді мен әлсіздің күресі бар. Әлді әрқашан жеңіп отырады (Естественный отбор). Біз табиғатты қолдан жақсартамыз, жаңартамыз дейміз. Және осы процестің тез болуын қалаймыз, зорлаймыз. Былайша айтқанда, Алланың бермесін тартып аламыз дейміз. Сөйтіп тепе-теңдік бұзылады, дүние жүрісінен жаңылады, заман астан-кестен болады. Ақыры, өзімізді өзіміз жоямыз.
Әне, Нәбидолла айтып отыр: "Төрткүл дүниедегі жылқылардың ішінде қазақтың мұғалжарында тұңғыш жабайы жылқы тұқымының бірінші гені анықталған! Басқа бірде бірінде осы ген жоқ. Сонау ықылымдағы жабайы жылқының гені – қазақ жылқысының шыдамдылығының негізі болып табылады".
Мен көргенімді айтайын. Ырғызға қарайтын Жабасақ, Жантай дейтін ел бар. Жантайда Ермақан дейтін құдамыз болды. Соларда торы төбел ат болды. Сол Торытөбелмен колхоз басқармасы Бердісәлі аудан орталығы Ырғыздан Жантайға салт шығады. Екі орта 300 шақырымдай жер. Сол Бекең Ырғыздан ертелете шығып, екіндіге таяу Жантайға келеді. Жаздың ұзақты күні ғой. Аттан түспейді. Міне, қазақтың қазанатының кереметі.
Қазақ жылқысының тағы бір кереметін айтайын. 1960 жылдардың басы. Өз отбасым бар. Жазы-қысы отын деген проблема. Карталов дейтін көршім болды. Совхоздың ("Шевченко") бас зоотехнигі. Мамырдың бас кезі. Көршім: "Тоқбайда күздікте бір отар қой тұрды. Ертерек барсаң, содан қи ойып аласың", – деді. – Жиналдым. Ұшты күректі ұстарадай ғып қайрадым. Атқораның "құдайы" Нәкең (Ниязбек) қорадан бір атты ерттеп берді. Бәйгеге қосып жүрген атақты "Буян", сүліктей Қара төбел ат. Қыстай қорада тұрған, сұлыға піскен. Орта денесі жұп-жұмыр, жалт-жұлт. Күн көтеріле атқа қондым. Ұшты күректі жүзін жоғары қаратып, тақымға қыстым. Әйдә, ұштым. Буянның тұяғы жерге тимейді, көлденең жатқан көк тасты саз балшықтай илейді, құдды Тайбурылының үстінде Қобыландының рөлін ойнап келе жатқандаймын. Атым басын төмен салып жіберіп, ақбөкендей орғиды. Жануар топырақтан тыныс алатын сияқты.
Тоқбай – малдың жайлауы. Жазда жыл-қы, қой тұрады. Бармаған, көрмеген жерім. Жобалап жонмен тартып келемін. Жағалай егістік, қар суына бөгіп тұр, батпақ, ат тізеден кешіп келеді, қарайтын емес, шабысын бәсеңдетпейді. Қара ойға келіппін. ("Жітіқара" совхозының орталығы). Тоқбай мұның оңтүстігінде болу керек. Аттың басын оңтүстікке бұрдым. Сол шабыс, Тоқбай қалды жайына, енді тек ауылды табу керек. Сайға келіп тірелдім. Суы бар. Аттан түсіп, суардым, жарты сағаттай аялдадым. Қарасам, сайдың арғы бетінде ауыл. Таныдым. Орынбор облысына қарайтын "28" дейтін поселке, орыстар тұрады. Бұрын болғанмын, жолын білем, ауылға 30-40 шақырымдай жер. "Буяным" болдырар емес. Жолшыбай көзге іліккен борсық па, қоян ба, бірдемелерді қуам. Қойшы, сәскеде шығып, бесінде ауылға жеттім. Санап отырсақ 150 шақырым жол жүріппін. Тақтайдай тегіс жол емес: сай-салалы, ойлы-қырлы, батпағы бар, басқасы бар – қазақтың кәдімгі кең даласы.
Біз жылқының тұқымы туралы сөз қозғап отырмыз. Мына бір сөзге де құлақ қойып, көңіл аударыңызшы.
1961 жылғы облыстық ақындар айтысында Жүсіпбек:
Жылқым бар Ақалтеке сәйгүліктен,
Сап дене, құйма тұяқ күшке біткен.
Жаңылмай шабысынан жарағанда,
Сай-сала, өзендерден қарғып өткен.
Қасымхан:
Аға-еке-ау, жылқыңды айтып
жұлқынасың
Танымай жүргендей-ақ жылқы атасын.
Ежелден Жағалбайлы жылқылы елміз,
Өсірген Төлегеннің "Бозжорғасын".
Түрікменнің Ақалтекесі емес, қазақтың "Бозжорғасын" айтқанда, тыңдарман халық (қазақтар) ду қол шапалақтап қоқиланып қалды.
Көрдіңіз бе, Қобыландының "Тайбурылы", Төлегеннің "Бозжорғасы" жаңағы Жағалбайлының "Буяны", "Мальчигі" әлемдік рекорд жасаған сонау Шөмекейдің "Торы төбелі" бәрі – қазақ тұқымды жылқы, қазақтың қыл құйрығы (Қыдыра жалды қыл құйрық, сенен озбас деп едім) қазанаты, тұлпары.
"…ат десе ішкен асын жерге қоятын қазақтан, бұл күнде ат десе селт етпейтін қазақты да табуға болады. …Сонда бізде қайдан рухани түйсік болады. Біздің түйсікте модернизацияланған Еуропалық мәдениетке бейімдеп тұлпарларды қысқа қашықтыққа жарыстыру кең етек жайды. Ұлттық мәдениетімізді құлдыратудың бір себебі осы. Күндік шабысқа шыдайтын қазанаттарымыздың құрып жоғалуының себебі де осы. Жат жердің жылқыларын әкеліп, жергілікті малдарға араластыру кері әсерін тигізіп отыр", – дейді Нәбидолла. Мен бұған толық қосылам.
Жапондықтар айтады екен:
"Адам қандай тағам жесе, өзі де дәл сондай", – деп.
Ертеде қазақ даласымен ағылшын экспедициясы өткен екен. Еліне барып көрген-білгендерін кітапқа тізіпті:
"Жартылай жабайы ел көрдік. Балалары жалаңаяқ, жалаңбас, жалаңаш жүреді екен. Денелері шымыр, көздері шоқтай, тістері маржандай, жүздерінен нұр тамып тұрады.
Бізде дәрігер де, дәрі-дәрмек те бар, күтімдері жақсы, сонда да балаларымыз ауыра береді, тістері де бүтін емес," – деп жазады. Зерттей келіп, гәп қазақтың ұлттық тағамында екенін анықтайды.
Иә, малы жоқтар дәрі-дәрмекті тікелей түрлі шөптерден жасайды. Малы барлар сол дәрі-дәрмекті дайын күйінде жылқының, қойдың етінен, сүтінен алады. Және де бәрі бірдей баласы да, ата-анасы да жал-жая, қазы-қарта, құйрық-бауыр, май-құрт, қымыз-қымыран ішіп, жейді.
"Ас – адамның арқауы", халықтың денсаулығы – қазақтың ұлттық тағамдарында.
Өрісімізді төрт түлік малға толтырайын, сайын даланың самалымен тыныстайық, ағайын!
Қасымхан АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ.