Құрбан айт құтты болсын!

asylhanАса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбарлардың (ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінді берік ұстануға шақырады. Мұсылмандар Жаратушының разылығына жету үшін құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырласу се-зімдерін күшейтетін маңызды күндер. Бұл күндер Алланың момын құлдарына берген сый-сияпаты. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қазан айының 4-не тұспа-тұс келіп тұр. Алла Тағала барша мұсылман үмметі үшін осынау қасиетті күндерді берекелі әрі  сауап таптыратын күндерден қылғай!
"Айт" сөзі араб тілінен аударғанда "қайта оралу" деген мағынаны береді. Бұл мейрамның "айт" деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады. Ал "Құрбан" сөзі араб тілінен аударғанда "жақын болу", "жақындау" мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Бұл күндердің ұлықтығы сол –  адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады.
Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пай-ғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Аллаһтың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында.  Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда "Аллаһумма минкә уә ләка" (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес.
 
Құрбан айттың бірінші күні
Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: "Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні" – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады", – десе, тағы бірде: "Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар", – деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегеліп айтқан.
 
Құрбан айт мерекесін атап өту үлгісі
Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Абдуллаһ ибн Амр ибнул-Астың (р.ғ.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды", – деді. Осы кезде бір кісі:
– "Уа, Алланың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?", – деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қырынғаның да жеткілікті. Бұл Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең", – деді.
Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті адамдарға таратады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, "Айт құтты болсын" айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көршілеріне, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.
 
Құрбандық шалу
Құрбан – араб тілінде "жақындау" дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – "шарттарымен санаса отырып құлшылық  ниетімен мал бауыздау" дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал "ұдһия" деп аталады. Қасиетті Құранда: "Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым" (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалудың үкімі – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: "Намаз оқы және Құрбан шал" – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!" – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) "Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті", – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған "сүннет" сөзі – "жол" деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнен (ғ.с.) жалғасып келе жат-қан жолы деген мағынаны меңзейді.
Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:
1. Мұсылман болуы;
2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы; Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: "Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің".
Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандықтарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Себебі, шалынған малдың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің Жаратушы Жаббар Иеміздің әміріне, "ләббайк" деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз.
 
Арафа күні
"Ал енді жалпы "Арафа" сөзінің мағынасына келер болсақ, "танысу" дегенді білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9 жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді.
Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: "Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады", – деген. Демек, кімде-кім Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен.
Арафа күнінен кейін, Зүлхижжа айының 10 жұлдызында Меккеге барған тәуапшылар қажылық парызының соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауым Алла разылығы үшін құрбандық шалады.
Сонымен қатар Зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндал-ған: "Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүлхижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді", –деп айтты. Адамдар: "Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?", – деп сұрағанда Расулуллаһ (с.ғ.с.): "Адам баласы Алла Тағала жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болады", – деп жауап берді." (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті).
Құрметті мұсылман қауым! Осы хадисте баяндалғандай Зүлхижжа айының алғашқы 9 күнінде ораза ұстайтын болсаңыз, үлкен сауап болатындығын ұмытпағаныңыз жөн.
Осынау құрбан айт күндері Алла Тағаланың берген ырыздықтарының шүкіршілігі ретінде келген меймандарға молынан дастархан жайып, пейілімізді тарылтпай, Аллаға ұнамсыз арақ ішу, жанжалдасу, бұзықтық жасау сияқты күнәлі әрі сауаптан құр қалдырар іс-әрекеттерден аулақ болған жөн. Сондықтан құрбан айт күндерін өз дәрежесінде қасиеттілігін ұғынумен өткізу әрбір мұсылманның міндеті. Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, өркениетті, айбынды, дамыған мемлекеттердің қатарында бой түзеттіріп, Ислам дініне деген бет бұрысымызды одан әрі ынталандырып, екі дүние абырой сағадатына жетуді нәсіп етсін!
Ескерту:
Жылдағы үрдіс бойынша Қостанай қаласының тұрғындары құрбандықтарын Затобол кентіндегі Әулиекөл әрі Сарыкөл аудандарына шығатын жол торабының ортасында орналасқан "Ақ ниет" базарында шалатын болады.
Асылхан қажы Мұханбетжанұлы.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы.
 
2014 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы
 
Мезгілі
25.09
26.09
27.09
28.09
29.09
30.09
01.10
02.10
03.10
Сәресінің аяқталуы
05:24
05:25
05:27
05:29
05:31
05:33
05:34
05:36
05:38
Ауыз ашар уақыты
19:47
19:44
19:42
19:39
19:37
19:34
19:32
19:30
19:27
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓