Көмек – мұқтаж мың отбасыға
Елде төтенше жағдай мен карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты қиын қаржылық жағдайға тап болған мұқтаж отбасыларғ ақолдау көрсету акциялары өткізілуде. Осындай мақсатпен, елге танымал кәсіпкер меценаттар Тимур Құлыбаев, Қайрат Боранбаев және Кеңес Рақышевтар жағдайы төмен және көп балалы мың отбасыға азық-түлік жиынтығын сатып алу үшін қаржылай көмек бөлді.
Бүгінде аталған бастаманың операторы болып саналатын «Халық» қайырымдылық қоры 20 мың азық-түлік себет жиынтығын құрады. Қазіргі уақытта бұл көмек аймақ әкімдіктері берген тізімдерге сәйкес таратылуда.
"Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Президенті жариялаған «Еріктілер жылы» аясында халықтың аз қамтылған топтарына жан-жақты көмектер көрсетіліп жатыр. Соның бір айғағы – бүгін «Халық» қайырымдылық қоры Арқалық қаласында мың отбасыға көмек көрсетіп отыр. Қала тұрғындарының атынан азаматтарға алғысымызды білдіреміз",- деді қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров.
Өз кезектерінде Фатима Мамадилиева, Ирина Капралова, Гүлім Мұқанова сынды көп балалы аналар да демеушілерге шынайы алғыстарын жеткізді.
Көмек жеткізуді және таратуды жергілікті атқарушы орган, яғни еріктілер ұйымдары жүзеге асырады. Азық-түлік пакеттеріне ең негізгі заттар – бұқтырғыш, күріш, ұн, макарон өнімдері, өсімдік майы, шай, қант, қоюландырылған сүт, тәттілер салынған. Әр себеттің салмағы 60 келіге жетеді.
Жалпы көлемі 1200 тоннаға тең азық-түлік жиынтықтары Қазақстанның барлық аймақтарында жағдайы төмен отбасыларға таратылатын болады. Осылайша, ел кәсіпкерлері қиын сәтте көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін тағы да танытты.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.