Ер ерлігі – ел есінде

Отанға қауіп төнген шақта 27-28 жас шамасындағы әкеміз Оразалы Меңдіқара аудандық комиссариатынан әскер қатарына алынған. Одан Түмен қаласындағы әскери даярлықтан өтеді. Қазақстаннан келген жігіттердің алғашқы от кешіп, сынға түскен жері Брест қамалы.
 «Біз немістермен алғашқы соғысты осы Брест қамалында қарсы алдық. Оқужаттығу полигонынан және әскери құрылыс жұмыстарынан келген жауынгерлер шаршап, қатты ұйықтап жатқанда 22 маусымның азанында немістердің бомба мен снаряд жарылысы дүмпулерінен шошып ояндық. Қару алып, казарманың төмен түсетін баспалдақтары қирап қалғандықтан, екінші қабаттан секірдік. Әуеден түскен мыңдаған снарядтар, қамалдың әрбір шаршысына жаңбырдай жауды. Көптеген жауынгер немістердің бірінші соққысынан казармадан шығысымен-ақ, жүгіріп бара жатып мерт болды. Біраз уақыт немістер снарядпен бомбалауды тоқтатқан сияқты болды. Содан соң шамамен 10-15 минуттан кейін неміс танкілері артында мотоциклдері мен жаяу солдаттары көрініп, үсті-үстіне оқ жаудыра бастады. Біз қамалдағы бекініс орындарына орналастық. Осы жерде неміс әскерлерімен бетпебет кездесіп, ұрысқа кіріскенде қоршауда қалғанымызды көрдік. Күлталқан шайқастан соң ғана, алдымыз енді ашылғандай болды. Шамамен 25-30 шақты бір топ жауынгер, взвод командиріміз Шабловскийдің әскери-соғыс тәсілдерін жетік ұйымдастырушылығымен қамалдың солтүстік-батыс қақпасы арқылы таң атқанда ғана әрең шықтық. Осындай қиын ұрыстан соң Гомельге шегінуімізге тура келді», – деп айтып отырушы еді әкеміз. Оқушы кезімізде балалықпен әке әңгімесіне көңіл де бөлмеппіз. Мен өзімнен үлкен апам Ғалияға, ағам Қалыбекке арқа сүйеп көбіне мән бермеппін», – дейді зейнеткер, медицина саласының ардагері Әлия апа өкінішпен еске алып.
Безымянный
Әскери дала госпиталінде емделіп, кеңестік армияның жаужүрек сарбаздары мен білікті қолбасшылардың арқасында фашистік Германияның Бранденбург-на-Хафеле, Кенигс-Вустерхаузен, Гранзе, Потсдам, Вердер қалаларынан кескілескен ұрыстармен өтіп, Берлинге 7 шақырым қалғанда әкеміз Оразалы ауыр жараланып, Ресейдің Омск әскери госпиталінен 1945 жылы туған жері – Меңдіқара ауданы, Қарақоға селосына оралып, ел-жұртымен қауышқан әкеміз Аллаға мың да бір рахметін айта жүріп, ауыр жарақатына қарамай сол кездегі «Аманкелді» колхозында шамасына қарай еңбек етеді. 1946 жылы Жұмаш анамызбен көңілдері жарасып, үй болып біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, 1978 жылға дейін түтін түтетті. Асыл анамыз Жұмаш екеуі колхоз жұмысында таңмен таласа жүріп үш қыз, екі ұл өсіріп, жастық шағындағы бейнет, майдан даласындағы жаралар асқынып бір жыл төсек тартып жатты. Ғалия апамның айтуынша, әкеміз ауыр соғыс жылдарының белгісі ретінде ″ІІ дәрежелі Отан соғысы″, ″1941-1945 жылдардағы ҰОС-ғы ерен еңбегі үшін″ ордендері және ″Германияны жеңгені үшін″ сынды т.б. медальдардің иегері екен. 1979 жылы әкемізді қимастықпен соңғы сапарға шығарып салдық. Қазіргі таңда әкеміз бен аяулы анамыз ата қоныстары Ұзынағашта жер бесік қойнауында тыныстауда.
 Баймұқан
ТЕМІРБЕКҰЛЫ.
Қостанай қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓