Мың алғыс сізге, майдангер!

Амангелді ауданындағы музей профилі жағынан мемориалдық болғанымен, өлкетану бағытындағы жұмыстарымен ерекшеленеді. Бұған музей қорындағы материалдар мен жәдігерлер дәлел. Соның бірі – музейдегі Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің бұрышы. Бір өкінішістісі, ауданда соғыс ардагері қалған жоқ. Соған қарамастан, олардың сұрапыл жылдардағы ерлігі мен тылдағы ерен еңбектері үшін бүгінгі ұрпақ Ұлы жеңіске тағзым етеді. Ауданымыздан 1941-1945 жылдар аралығында 4872 азамат майдан шебіне аттанып, соның 1600-і ғана елге оралды. Майдангер қыздар Зинайда Бейсенбаева-Дүтбаева, Шәмшия Сәдуақасова, Анна Чуклина және Кеңес Одағының батыры Петр Родионов біздің ауданымызда еңбек етті. Музей қорында 65 ардагердің өмірдеректері, суреттері мен құжат, марапаттары сақтаулы.
5-1
Офицерлер Бекжанов Қали мен Медетов Елеусіздің парадтық кительдері, Саржанов Темірғазының планшеті мен кабурасы, Нұржанов Іскендірдің жеке заттары келушілердің назарына ұсынылған. 1941-1945 жылдары басылған «Большевиктік жол», «Социалистік шаруа» газеттерінің қиындыларынан жерлестеріміз Бәйішев Ғалымжан, Тілеубаев Қозы, Жиенбаев Шомақ, Әбенов Бейсенбек, панфиловшы Нұрбаев Махмұт, взвод командирі Ахметов Сейіл, барлаушылар Исабеков Тайшыман мен Таукенов Нұрхан, «полк баласы» атанған Бірмағанбетов Өміржан, ерлігі үшін Батыр атағына ұсынылған Қарқабатов Бекназар есімдерін көруге болады. Майдангерлер ұрыс алаңында қан төгіп жатқанда, елде қалған қариялар мене балалардың, қыз-келіншектердің жанкешті еңбегі жеңісті жақындата түсті. Аудан халқы жауынгерлерге жылы киімдер жіберіп, ұшақ жасау үшін қаржылай көмектер ұйымдастырды. Қызыл Армияны сапалы азық-түлік, жылы киім-кешектермен қамтамасыз ету үшін 34800 пұт ет, 20864 пұт астық  тапсырды. Колхозшылар Халық батыры А.Иманов атындағы жауынгерлік ұшақ жасауға 879662 сом, танк колоннасы үшін 1 миллионнан астам қаражат жинаған. Өткен тарихымызды білу, бағалау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – парызымыз.  
Кәмшат Абжанова,
А.Иманов атындағы мемориалдық мұражайының қор сақтаушысы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓