Еңбек еткеннің есебі түгел
Таран ауданы егін мен мал шаруашылығын қатар дамытып отырған берекелі өңірдің бірі. Жыл сайын шаруалар бітік егін өсіріп, ел экономикасының еселенуіне зор үлес қосып келеді. Биыл аудан бойынша 170 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілді. Мәселен, 132 мың 200 гектарға бидай егілсе, 19,5 мың гектар софлор, қарамық, рапс, соя, қыша, күнбағыс тәрізді майлы дақылдардың еншісіне тиді. Мұның сыртында аудан диқандары бау-бақша, көкөніс өсіруді қолға алған.
Аудан әкімінің орынбасары Рахат Сейдахметовтың айтуынша, биылғы егіннің шығымы жаман болмаған сияқты. Орташа есеппен алғанда әр гектардан 12 центнерден өнім жиналыпты. -Шүкір, үстіміздегі жылы да егін орағын белгіленген мерзімде аяқтадық. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, ешқандай іркіліс болған жоқ,-дейді Рахат Мұхамбетсапаұлы.
Аудандағы ірі серіктестіктермен қатар шағын шаруа қожалықтары да астық қорын молайтуға зор үлес қосқанын айта кеткен жөн. Мәселен, «Саламатов» шаруа қожалығы әр гектардан 16 центнерден өнім алыпты. Бұл жылдағы қалыптасқан дәстүр. Білікті маман Георгий Саламатов жетекшілік ететін қожалық егін орағын жұрттан бұрын аяқтады. Оған соңғы үлгідегі техниканың көп көмегі тигенін айта кету ләзім.
-Биыл барлығы 4 мың гектарға егін ектік. Соның сыртында мың жарым гектарды парға қалдырдық. Көбіне біз бидай себеміз, бұл жолы тұқымның 80%-ін элиталық сұрыпқа айырбастағанбыз. Ойымыз алдаған жоқ, бидай бітік шықты,-дейді шаруа қожалығының басшысы.- Әрине, алдан кездескен кедергі аз болмады. Жаз ортасында жерге бір түйір тамшы тамған жоқ, соның салдары жиын-терім көрсеткішіне көп әсер етті.
Георгий Саламатов биыл да мемлекет қамқорлығын айрықша сезінгенін айтады. Диқандар науқандық жұмыстарды іркіліссіз атқару үшін жанар-жағар май мен тұқымға, минералдық тыңайтқыштарға субсидия алды.
-Бұл біз үшін үлкен қамқорлық. Мемлекет бөлген қаржыға соңғы екі жылда төрт жаңа техника сатып алдық. Мұндай техникамен жұмыс істеу әлдеқайда өнімді,-дейді шаруа қожалығының басшысы.
Ал «Сұлу» ЖШС –інде 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәнігі механизатор Николай Харченконың есімі дүйім жұртқа жақсы таныс. Бес жасында ата-анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударыпты. Николай алғашқыда Қайыңдыкөлде оқып, артынша Шербиновка ауылында орта мектепті бітірген. Механизаторлық мамандықты таңдаған ол аудан көлемінен әріге ұзаған жоқ. Ұзақ жылдар бойы шаруашылықта тер төкті. Абыройсыз емес. Озат механизатордың еңбегін шаруашылық басшылары жоғары бағалап, мейлінше құрмет көрсетуден жалыққан емес.
-Кез келген адам өзіне қолайлы кәсіпті таңдайды. Мен де өзіме лайықты мамандықты игердім. Бізді әке-шешеміз бала жастан адал еңбек етуге, аянбай тер төгуге үйретті. Құдайға шүкір, сол әдеттен жаңылған емеспін. Шаруашылық қарапайым еңбек адамдарына жақсы қарайласады. Соның айғағы емес пе, науқандық жұмыстарға белсене араласқан жігіттер жыл сайын түрлі марапаттан кенде қалып көрген емес.-дейді кәнігі механизатор.
Таран ауданында осындай еңбекқор азаматтар көптеп саналады. Дала төсін дүбірге бөлеген олар жыл он екі ай бойы тыным табуды білмейді. Соның жемісі болар, аудан жыл сайын мол өнімге қол жеткізіп келеді. Биыл да жергілікті диқандар ел ырыздығын шашпай-төкпей, қамбаға құйып алды. Қамба демекші, ауданда астық сақтайтын үш элеватор бар. Шаруалар еш қысылмайды. Қырман басында тазартылған бидай арнайы жабдықталған қондырғыларда кептіріледі де сатуға шығарылғанша немесе ұн комбинаттарына жөнелтілгенше элеваторларда сақталады.
-Астық өткізуде ешқандай проблема жоқ. Бәрі өз кезегімен атқарылады,-дейді сөз арасында аудан әкімінің орынбасары Рахат Сейдахметов. Айтуынша, көктемге салым «Азық-түлік келісім-шарткорпорациясы» арқылы аудан диқандарына 286 млн. 900 мың теңге қаржы бөлініпті. Ақша өңірдегі жиырма төрт шаруашылыққа уақытылы берілді. «Алмақтың да салмағын» білетін шаруалар қаржының 61%-ін қайтарып үлгерді. Жыл аяғына дейін барлық берешектен толық құтыламыз дейді аудан басшылары.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Таран ауданы