«Ата мұра – домбыра»
Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда қазақтың төл өнерін насихаттап жүрген тума дарын, күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» орденнің және Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов медалінің иегері, Амангелді ауданының құрметті азаматы Айтбай Мұздахановтың «Ата мұра – домбыра» атты шығармашылық кеші өтті.
Өнер кешіне Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі, «Парасат» орденінің иегері, профессор, дирижер Айтқали Жайымов және Нұрлан Бекенов, күйшінің қызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаxанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегерлері Айгүл Қосанова, Айзада Капонова, Абдулла Серік және өңіріміздің Ботагөз Дүбірбаева, Олжас Маxмұтов және Жандос Мырзаxметов бастаған өнерпаздары автордың шығармаларын орындады. «Тархан баба», «Қызыл керуен», «Қос қарлығаш», «Тәуелсіздік», «Тілеп пен сары қыз», «Майраның Маралдыдағы әні», «Самғау», «Құмдағы ауылым», «Дархан дала», «Аяулы ана», «37-ші жыл», «Шынарым», «Нұр-аға», «Ана туралы толғау», «Айтбайдың сарыны», «Қазақ елі», «Жауға шапқан», «Қайрат туралы ән» шығармалары сахнада орындалып, көпшіліктің қошаметіне ие болды.
Айтбай Мұздаханұлы соғыс басталған 1941 жылдың қара күзінде Амангелді ауданының Кемер ауылында дүниеге келді. Атасы Молдаш пен әкесі Мұздахан (Мұздафархан) күйші, анасы Кәбира әнші болған. Айтбайдың өзіне баба өнер тоғыз жасынан дарыпты. Әрі өнерпаз әрі қол шебері Мұздахан буыны енді қатып келе жатқан ұлына домбыра жасап беріп әрі үйрете отырып, «түбі осы аспап сенің серігің, мұңдасың, өмірің болады» деген екен. Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған өнер Айтбай Мұздахановты айрықша дарын иесі ретінде жарыққа шығарды.
Алайда небары 36 жасында оң қолынан айрылған шығармашыл жас он жылдай өнерден қол үзді. Бірақ, «өнер өз иесін табады» деген рас сөз, оң шынтағына сым орап, домбырасын қайтадан қолына алды. Және сексенінші жылдардың ортасынан бері небір елең еткізер туындылары өмірге келді. 1990 жылы Қазақстан композиторлар одағына 15 күйі қабылданды. К.Күмісбеков, Н.Тілендиев, Ғ.Жұбанова бастаған өнер саңлақтары табиғи таланттың шығармаларын еліміздің алтын қорында қалдыруға қол қояды. Айтбай ағамыздың туындылары бүгінде үлкен сахналарда орындалып жүр. 2017 жылы Мұздахановтар әулеті өңіріміздегі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы болғанын білеміз. Өнер кешіне жиналған жұртшылық автордың әлі талай жүрекжарды әуендерінің дүниеге келетінін жеткізді.
– Толғаныстан туған жетпіске тарта күй, елу шақты әнім бар, олардың барлығын бір кеште қамту мүмкін емес. Бүгін Қостанай төрінде жиырмаға жуық туындымның тұсауы кесіліп отыр, – деді кеш иесі.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, Амангелді ауданы әкімінің атынан осы өңірдің мәслихат хатшысы Қанат Кеделбаев құттықтап, кеш иесіне зор табыс, шалқар шабыт тіледі.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ