Ардагерлердің алғысын алды
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әімдігінің "Қоғамдық келісім" КММ бірлесіп, ІІ жаһан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына орай "Біз біргеміз" қайырымдылық акциясын өткізді. Мақсат – облыс орталығындағы ардагерлерге, мүгедектер мен тыл еңбеккерлеріне азық-түлік түрінде жәрдем көрсету.
Игі шараны іске асыру үшін этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қауымдастық белсенділері және Волонтерлік қозғалыс орталығының ерікті жастары "Достық үйіне" жиналды. Ниет те, міндет те ортақ. Олар Қостанайдағы 40 мекенжайға азық-түлік жиынтығы салынған жәшіктерді құттықтау лебізімен қоса тарту етіп, мейрам қарсаңында ардагерлердің көңілін тауып, алғысқа бөленді. Бір қиыны – ардагерлердің көбі төсек тартып жатыр. Мәселен, жасы 95-ке келген Балтабай Қазиев есімді қарияның жүріс-тұрысы кеміген. Әйтсе де, әл-дәрменінше ҚХА мүшелерінің ілтипатына разылығын білдірді.
"Келмеске кеткен сұм соғыс енді қайтып төбемізден төнбесін. Ұрпақ мәңгі бақытты, денсаулықтары зор болсын! Ел-жұрт аман, бейбіт заман болғай! Ықыластарыңа зор алғысымды білдіремін!" – деп ағынан жарылды."Біздің маңдайға түскен тағдыр солай болды. Бұл сол кездегі тұтас елдің тағдыры еді. Қолдан келгенін аянбай, арта қарыс адым жасамай, жауға қарсы бар күшімізді салдық, – деп отты күндерді есіне алады тағы бір ардагер, Михаил Петрукович. – Өзім майдан даласында екі мәрте жараландым. Жеңіс сағаты соққаннан кейін мені Жапонияға тастап, жапон соғысын да бастан өткердік. Біз көрген қасірет ешкімнің басына төнбесін. Тілегім сол ғана".
Осы секілді, ардагерлердің қай-қайсысын да тірі тарих дерсіз. Өкінішке қарай, күннен-күнге қатарлары селдіреп барады. Сондықтан оларға деген қамқорлық артуы қажет, құрмет аласармауы керек, ұдайы зейін бөлінуі шарт. Бүгінгідей шаралар өскелең буынға осынысымен өнеге болуы тиіс.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков