Тілсіз жаудың құрбаны болды
Қостанайдағы КСК шағын ауданында өрт болып, 64 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оқыс оқиға 5 қараша күні Қобыланды батыр көшесіндегі 24-ші үйде болды.
Департамент қызметкерлері түнгі сағат 01:48-де өрттің екінші қабаттағы № 121 пәтерден шыққанын анықтады. Жалын бірден жоғарғы қабаттарды қармаған. Алдын ала болжам бойынша өрт аумағы 25 шаршы метрді құрайды.
«Өрт сөндіруге 24 адам және 9 арнайы техника жұмылдырылды. Солтүстік өңірлік аэро-ұтқыр жасағынан 4 адам шақыртылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны өрт ошағында қалған адамдарды іздеді. Тұрғындар жоғарғы қабаттан автосатылар арқылы төмен түсірілді. Өрт 02:37-де ауыздықталды», – делінген ТЖД баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде.
Өрт аумағынан 1960 жылы туған әйелдің мәйіті табылды. Барлығы 64 адам қызыл жалыннан оқшауланды. Оның ішінде алтауы – балалар. Өрт толықтай 3:04 сағатта өшірілді.