Ерлігі елге өнеге
Ұлы Отан соғысына Қарасу жерінен аттанған 3265 жауынгер қан майданда ерлікпен шайқасты. Оның 965 ұрыс даласында қаза тапса, 1000-нан астамы аман-есен елге оралды. Отан үшін от кешкен олардың қатары бүгінде едәуір сиреді. Қазір аудан бойынша небәрі 11 соғыс ардагері қалды. Солардың бірі – Мақсұт Хамзин. Ол – Шолақашы ауылының жалғыз ардагері.
Қарт жауынгер Мақсұт Хамзин 1942 жылы соғысқа өз еркімен сұранып аттанды. Ол кезде майдангер атамыз бар-жоғы 20 жаста болатын. Соғысты Беларусь майданы құрамында бастапты. Неміс басқыншыларына қарсы осы жерде болған кескілескен шайқастар әлі күнге есінде. Соның бірінде ауыр жарақат алған.
– Жарақатым өте ауыр болды. 6 ай госпитальде жатып, қайтадан майданға аттандым, – дейді соғыс ардагері.
Бұл жолы Мақсұт атамыз Солтүстік Германия жеріндегі қақтығыстардың куәсі болды. Кейін Рига, Латвия қалаларын жау қолынан азат етуге қатысты. Жеңіс күнін Балтық теңізі жағалауында қарсы алған ол 1946 жылы елге оралды. Соғыстағы ерлігі үшін "Қызыл жұлдыз", "Ленин-градты қорғағаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" және тағы да басқа орден-медальдармен марапатталды.
Соғыстан кейінгі уақытта Мақсұт Хамзин шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарына белсенді түрде атсалысты. Темір-жол саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарды. Қажырлы еңбегінің арқасында станция басшысы деңгейіне дейін көтерілді. 1947 жылы Рабиға Бекенқызымен отау құрып, 9 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде майдангер атамыз сол балаларының қызығын көріп, немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жан.
Міне, осындай жаужүрек жерлестеріміз Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Сондықтан біз, кейінгі ұрпақ, ардагер перзенттерімізді ардақтап, олардың жасаған ерліктерін жадымызда сақтауымыз керек.
Жаңабай АХМЕТОВ.
Қарасу ауданы.
СУРЕТТЕ: Мақсұт Хамзин.