Ерліктері елге үлгі
Қазақ тарихында елі, жұрты жер үшін қасық қаны қалғанша аянбаған ерлер аз емес. Әрісі қазақ хандығы тұсында басталса, берісі Ұлы Отан соғысының ызғары талай елдің қабырғасын қайыстырып, талай шаңырақтың уығын құлатты десем артық айтқандық емес.
Міне, осы тарихтағы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толып отыр. Фашистік зұлмат соғыс кеңестер еліне ескертусіз басып кіріп, өздерінің басқыншылық пиғылдарын жүзеге асырмақ болды.Осы соғысқа сол кездің өзінде қазақ елінен қаншама біздің ата, апаларымыз ерлік көрсетті. Ол жылдардың нәубат кезеңдерін бір сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Қанша бала әкесіз қалды, қанша жанұя шайқалды. Сол кездері еңкейген қариядан бастап жас балаға дейін майдан даласына көмек ретінде күні-түні еңбекке араласты. Бірі мал бақты, бірі соқамен жер жыртты, енді бірі ағаш жонды.
Осындай қилы кезеңдерді сол кездегі қазақ ауылдарының бәрі көрді десек артық айтқандық емес. Менің осы мақаламда айтпағым сол ауылдардың бірі бүгінгі Көктау ауылының ерлері жайлы болмақ. Ол кездері көне көз ауыл қарияларынң айтуына қарағанда бүгінгі Көктау ауылы қазіргі Қайыңды совхозына қараған бұрынғы Шилі колхозы болып аталған екен. Заманында мыңғырған мал шаруашылығы мен егіншілікті кәсіп еткен ауыл тұрғындары бүгінде сол кәсіптен алыстай қойған жоқ. Осы ауылдан сол кездері майдан даласында болған ардагерлерімізде кенде емес. Сонымен қатар жастайынан еңбекке араласып майдан даласына қолын ұшын берген тыл ардагерлеріміздің ерлік істері бүгінгі ұрпақ біздерге үлкен өнеге. Сол кісілердің ерліктері мен батырлығы жас буынның патриоттық сезімін оятары хақ. Осы ауылдан майдан даласына аттанған Тұрсынсынбек Кайкин, Тайшы Алданыш, Кайкин Барақ, Тұрсынбаев, Жүсіпов Қожамсейіт, Көшен Ділдебаев, Жиентай аталарымыздың есімдері ел есінде мәңгі сақталмақ. Сонымен қатар тылда еңбек еткен Игимбаев Каким, Тезекбаев Ескендир ұста болған, Тасмағанбетов Жүсіп, Тезекбаев Әбубәкір, Сүлейменов Айтбай, бүгінде арамызда жүрген Жандилдин Мұқышбек, Сыздықов Байділда аталарымыздың ерен еңбектерін жазып арнайы кітап етіп шығарса да артық болмас еді. Әрине бір мақалаға ол кісілердің еңбектерін сыйғызу мүмкін емес. Сондықтанда ауылдық мектептегі сынып сағаттарына осы кісілердің өмірі мен еңбектері жайлы арнайы сағаттар өткізсе нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын.
Серік Ақтан,
Көктау ауылы, Арқалық қаласы.