Нұрмағамбет пен Нұрсұлу

Ұлы Отан соғысы басталғанда Нұрмағамбет Сағындықов Обаған ауданы Шоққарағай ауылында мұғалім болатын. Жас жеткіншектерге білім беріп, олардың саналы азамат болып өсуіне күш-жігер жұмсап жүрген көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. 1942 жылдың сәуірінде майданға аттанғанда Құдай қосқан қосағы Нұрсұлу  (ел ішінде Нұрмаш аталатын) шиеттей үш ұлымен қалған еді. Үлкені Еркебұлан бесте,  ортаншысы Әміржан үште, кішісі Бақытжан жөргектегі сәби еді.Нурсулу мен Нурмагамбет
Тағдырдың ісіне не шара? Нұрмағамбет Ленинград үшін шайқаста қаза болды. Қолына «қара қағаз» алған ана тас түйін жұмылып, білекті сыбанып колхоздың жұмысына жегілді. Ол ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің ортасы болған Ақсуат ауылында туып, бойжеткен қыз еді. Қолындағы шиеттей үш ұлмен бірге жасы келген ата-енесі де енді осы келініне қарап қалды. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, тұрмыстың  ауыртпалығын, сүйген жардың қайғысын қайыспай көтерді.
Сәбилерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, жұрттан кем қылмай қатарға қосты. Ауру-сырқаулы ата-енесінің көңілін тауып, сыйлап, құрметтеді. Өзі қашан дүниеден өткенше асыл жарына деген адалдығын сақтап, оның рухына бас иді.
Анамыздың сол  жанкешті еңбегі ақталды. Балаларының ел аузына іліккен азамат болғанын көрді. Қартайған шағында үш құлыны асыл апаны төбелеріне кө-теріп, ардақтады.  Немерелері қарт әженің ғұмырын ұзартты, кейуана жүз жасқа жетіп, 2010 жылы дүние салды. Соған дейін балалары Ленинград үшін шайқаста қаза болған әкенің қабірін тауып, басына тағзым етті.
Соғыс салған қиыншылықты бір-біріне сүйеніш бола жүріп жеңген, ер жеткен үш ұл жоғары білім алды, Еркебұлан әке жолын қуып ұстаз, Әміржан – кәсіби геолог, тіпті сонау Вьетнам елінде кешегі Кеңес үкіметінің тапсырмасымен жер қойнауын барлаған маман болды, Бақытжаны – агроном, облыста талай басшылық қызметтер атқарған танымал тұлға ретінде танылды.
Абзал ана Нұрсұлу Жолдасбайқызы Мықтығұлованың еңбегін елі де  әрдайым елеп отырды. Ол талай мәрте ауылдық Кеңестің депутаты, ұжымшар басқармасының мүшесі болып сайланды, тылдағы, тыңдағы еңбегі үшін медальдармен марапатталды.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Отан қорғау жолында опат болған майдангерлердің жесірін, оның махаббатқа адалдығын, төзімділігі мен қайсарлығын еске алып, рухына тағзым ету тірі жүрген біздерге де аманат болса керек…
 
Сәлім МЕҢДІБАЙ
 
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓