От кешкендер

Жеңіс мерекесі жақындаған сайын, көңіл түпкірінде жатқан кешегі қанды қырғын елестері, әр отбасына түскен ауыртпалық пен орны ешқашан толмас ауыр қайғылар бүгінгі көзі тірі сол зұлматты көрген пенденің есіне оралып, артында қалған ұрпақтары аталары мен әкелерінің Отан үшін, Отанның тәуелсіздігі үшін қан майданда тартқан азап, көрген бейнетін еске алады. Кешегі халық басына түскен 1932 жылғы зұлматта Торғай өлкесі азаматтары жанжаққа тарыдай шашылды.
Осындай бір топ 1932 жылғы ашаршылықта Жыланшық өңірінен, жан сақтауға Оңтүстік өңірді бетке алады. Жолда Қарсақбай балалар үйіне Оспан қария кіші екі баласы Сәлім мен Әміржанды қалдырып, қалған үш баласымен әйелін туыстуғандарын ертіп Жезқазғаннан Сарысу өзенін бойлап Бетпақтың шөлін кесіп өтіп, Шымкентке тұрақтайды. Ел сәл тоғайып, ес жинай бастағанда Ұлы Отан соғысы басталады. Бір үйде қанша ер азамат болса түгел аттанған. Сондай отбасының бірі – Оспан қарияның үйі еді. Ұлы Отан соғысының алғаш басталуында Байзақ, Жүніс, Ыдырыс атты баласы соғысқа алынады. Қарсақбай балалар үйіне қалдырып кеткен Сәлім мен Әміржаннан хабар ала алмай адасып қалады. Үміт етіп отыр-ған қолдағы үш ұлын соғысқа бір күнде алады.
Уақыт өте келе Ұлы Отан соғысына аттанған балаларынан "Ерлікпен қаза тапты" деген қаралы хабарлар келеді. Осылай екі баладан тірідей, үш баладан өлідей айырылып, жанары суалып, көкірегі қарс айырылып үміт оты үзілді-ау деп отырғанда араға 14 жыл салып Сәлімі мен Әміржаны соғысқа қатынасып, жарақат алып амансау ата-анасына қосылады. Сол Сәлім мен Әміржан туған топырағы Аманкелді ауданына 60-шы жылдардың ортасында оралып, еңбекке араласты. Ұлы Отан соғысының ардагері Сәлім Оспанұлымен көзі тірісінде әңгімелесіп өзінің өмірі жайлы сұрағанда, онша шешіліп сөйлей бермейтін.
Өмір бойы адал еңбегімен елге қызмет жасаған ағай сөзге сараң, мақтан сүймейтін, әділдікті ту еткен азамат өткен өмірі жайлы сирек әңгімелейтін. Өткен күнді ауыр еске ала отырып, "Ой қарағым-ай, біз не көрмедік" деп бастайтын әңгімесін. Ұлы Жыланшық бойын мекендеген ағамыз өмірге 1915 жылы келген. Бірақ құжаттарында 1919 жыл деп жазылған. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары төрелер әулетін қудалағанда ата-әкелеріміз Шымкенттің Созақ ауданына үдере көшкен. Ол жерде 3 жылдай тұрақтап, елге Торғай ауданының Сужарған бойына келген. Араға аз уақыт салып туған жері Жыланшыққа қайта көшкен. Осы жерде 1932 жылдың ашаршылығына ұшырап, қайтадан Жезқаз-ған арқылы Созаққа жаяу жетеді. Жолда Оспан атамыз Сәлім, Әміржан атты кіші екі баласын Қарсақбай балалар үйіне өткізген. Балалар үйінен әр жерге ауысып жеті сыныптық орысша білім алған. Жамбылдың темір жол депосында оқып, паравоз-машинисті болған. Ата-анадан адасып қалған азамат 1939 жылы әскерге алынып, Фин соғысына 1939-1941 жылдар аралығында қатардағы жауынгер болып қатынасқан. Одан Ұлы Отан соғысына 1941-1943 жылдар арасында майдан шебінде 6-шы атқыштар полкында, 91-батальонында, 108-атқыштар полкында, 341 атқыштар полкы құрамында аға сержант дәрежесінде жаумен шайқасып, сұрапыл жылдарды бастан өткізген.
1943 жылдың маусым айының 1-ші жұлдызында сол жақ иық топшысын оқ тесіп өтіп, далалық госпитальда 1943 жылғы 1 маусымнан 1943 жылғы 2 қыркүйек аралығында жатқан. Емделіп шыққан соң ұрысқа қайта кірген. 1943 жылғы 15 қазан сол қолының білек сүйегін оқ бөліп өткен. Жілік бетіндегі сүйегі алынып, бір қолы бір қолынан қысқа болып 75 күн госпитальда жатып, 1944 жылы 1 қаңтарда соғысқа жарамсыз мүгедек болып шыққан. Соғысқа жарамағандықтан аға сержант №220 оқу-жатығу батальонында жауынгерлерге әскери өнерден 1946 жылдың аяғына дейін дәріс берген. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі тиісті дәрежеде марапатталған.
Осы сұрапыл соғыстан ағайынды бес азаматтың үшеуі оралмай, екеуі мүгедек болып орал-ған. 1946 жылдың аяғында араға азапты 14 жылды салып, ата-анасына табысқан екен. Соғыстан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Пахтаарал ауданында мектепте әскери пәннен дәріс берген. Кейінен мектеп директорлығына ұсынылғанда қандай себеп екені белгісіз, әкесі баруына қарсы болған. Содан ардагер ағамыз оқу-тәрбие жұмысынан қол үзіп, өзі алғаш игерген техника саласына ауысады. Механизатор, есепші, бригадир, МТМ, гараж қызметкері болған. Туған елге оралғаннан кейін техникалық шеберханада демалысқа шық-қанға дейін темір шебері болып жұмыс атқарды.
1950 жылы бас қосқан жұбайы Нағима жеңгеміз екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, бәрінің жоғары білім алуына жағдай жасады. Балалары азамат болып, ел игілігіне тиянақты қызмет жасап келеді. Батыр ауылы Үрпекте бақша өнімдерін егіп, насихаттаған да осы кісі болатын.
Сәлім ағай 2001 жылдың 10-шы желтоқсан жұлдызында оразаның ішінде дүниеден озды. Немере, шөбере, балалары, ағайын-туыс, ауыл замандастары, ардагер алқасы ардақтап, соңғы сапарға аттандырды. "Бергеніңе береке бер, ауыл-елімді, ағайын-туыс жұртымды, бәлежаладан сақта, халқыма береке-бірлік, амандық бере гөр!", – деп Ұлы Жаратушыдан үнемі тілеп отыратын еді. Ал інісі Әміржан Оспанов сол сұрапыл соғыста десанттар дайындайтын мектептен дәріс алып Ленинград, Калинин майданында ерлік көрсеткен. Бұл кісі де соғыстан екі рет жарақат алып, елге ағасынан бұрын оралған. Барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған азамат 86 жасында дүниеден озды.
Еліміздің тәуелсіздігі үшін соғыста қаза тапқан ардақтыларымызға, от пен оқтан аман оралған ардагерлерімізге амандық-саулық берсе екен деп тілеймін.
Шөптібай Байділдин.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓