Аға ұрпаққа алғыс
Қазақ даласы қашанда ұлыларға кенде емес. Дегенмен, кешегі Кеңес одағында-ақ қаншама батыр, қаншама ардагер елге танылмай-ақ дүние салған. Олардың еңбектері ұшан-теңіз. Тек салқын саясаттың дүбірі ұлылардың даңқын есіттірмегендей. Талай-талай ұлыларды ел қол үзгеннен кейін ардақтаған. Бүгінде ерікті қоғамның азат перзенттері арасында да небір ұлықтауға татитын азаматтар баршылық. Оларды көзінің тірісінде ардақтаған жөн. Өлісінде тек аты ғана қалады…
Осы бір нақты ой желісін ұстанған «Нұр Отан» партиясы үлгілі іс орындады. Үлкенге құрмет көрсету – өскелең ұрпақтың парызы дей отырып, Металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында партияның ССКӨБ аудандық филиалы мен еріктілер қозғалысының өкілдері Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен бірлестіктің құрметті жұмыскерлерінің үйіне барып, сый-қошемет көрсетті.
– 316 атқыштар дивизиясы құрамында Австрияға дейін барып, жаудың бетін қайтарғанбыз, – дейді соғыс ардагері Константин Березговин. – Соғыс біткен соң отбасыммен жаңа ғана құрылып жатқан Рудныйға көшіп келіп, станцияға күзетші болып жұмысқа орналастым. Ол кезде темір жол енді ғана салынып жатыр еді. 1960 жылы комбинатқа экскаватор машинисінің жәрдемшісі болып жұмысқа тұрдым. Өмірдің біраз жолын басып өттік. Сұрапыл соғысты қайта басқа салмасын. Бүгінде ардақтап келіп жатқан «Нұр Отан» партиясы өкілдеріне мың алғыс. Ел үшін еткен еңбегіміздің еленгені осы шығар, – деп ардагер қария сөзін аяқтады.
Қайырымдылық акция барысында еріктілер партиялықтармен бірге қырыққа тарта ардагерлердің үйінде болып, азық-түлік кәрзеңкелерін таратты. Ауыр жылдардағы еңбектері ешқандай сыйлықпен өлшенбейтіні рас. Сондықтан акция қатысушылары әрбір қартпен еркін әңгімелесіп, көңілдерін аулауға тырысты. Өйткені ардагерлердің ерлігі жастарға қашан да үлгі.
– Әр тоқсанда ұйымдастырылатын шара, бүгін металургтер күніне арналып отыр. Біз ел естілерін ұмытпауға тиістіміз. Оларға бас иіп, төрден орын ұсынуымыз жөн, – дейді партия кеңесшісі Тұмар Әбдірахманова.
«Аға ұрпаққа алғыс» атты партияның қайырымдылық жобасы жыл соңына дейін жалғасады. Елге еңбегі сіңген батыр ата-әжелерімізге қолдау көрсету және қоғамда оларға деген құрметті қалыптастыру — басты міндет.
Қуаныш Есқабыл,
Рудный қаласы.