Жеңіс мәңгі жасасын!

1941-1945 жылдар арасында болған адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толады. Бұл күн – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – Отанын қорғаған жауынгердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектері. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі ұрпақтары үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі.
Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді. 500-ден аса жерлесіміз, оның ішінде 96-сы Кеңес Одағының Батыры атанды. Олар: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және тағы басқалары.
Біздің туған топырағымызда да Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен елге оралған ата-әкелеріміз, аналарымыз да жоқ емес. Олар: Хасен Баймұхамбетов, Ахметбек Байтышев, Павел Баканев, Әмірбек Балғынбаев, Қамария Балабаева. Өкінішке қарай, бұл кісілер қазір ортамызда жоқ. Дегенмен, біз оларға бас иеміз, есімдері мәңгі жүрегімізде сақталады.
 Мен қала іргесіндегі Западный селосында тұрамын. Бұрын мен бастауыш сыныпта оқыған кездері осы ауылда Ұлы Отан соғысының ардагері Қамария Балабаева атты әжеміз тұрды. Жыл сайын Жеңіс күнінде әжемізге барып құттықтап, әңгімелесіп қайтушы едік. Әжеміз басынан өткен қиын сәттерді әңгімелеп беруші еді. Қамария әжеміздің төсіндегі медаль, ордендерін көргенде "Шіркін, мен де еліме адал қызмет етіп, осы кісідей сыйлы, патриот азамат болсам" деген арман әрқайсымыздың көкірегімізде тұратын еді. Әжеміз ұзақ әңгімесін: "Біздің көрген күнімізді сендерге бермесін, бейбіт күнде сайран салып бақытты ғұмыр кешіңдер! Сендер бақыттысыңдар, Алла Тағала осы бақыттарыңнан айырмасын", – деп аяқтайтын.
Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. "Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес" деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Біздің өміріміз үшін майданға аттанған ел ұландарының алдында мәңгілік қарыздармыз. Келешек үшін, дүниежүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұл туралы ұмытуға хақымыз жоқ. Сұм соғыс кесірінен қаншама бала әкесіз қалды, қаншама ана баласынан айырылды, қаншама ару жесір атанды, қаншама жауынгер мүгедек боп оралды. Біздер осындай болашағымыз үшін жанын қиған солдаттарды ұмытуға құқығымыз жоқ.
Мен Арқалық қаласындағы №8 негізгі мектебінің 8-сынып оқушысымын. Менің арманым көп. Ұлы адамдардың ісі маған үлгі. Солардың ізімен жүріп, іс-әрекеттерін өзіме үлгі етуге тырысамын. Оқуымды да жақсы оқып, іс-шараларға белсене қатысамын. Туған жеріме аз да болса пайдамды тигізгім келеді. "Отан оттан да ыстық" деп атам қазақ тауып айтқан. Әрбір қазақ баласы өз Отанын анасындай сүюі қажет. Біз Отанымыздың бейбіт өмір сүруіне өз үлесімізді қосуымыз керек. Тәуелсіз еліміз өркендей берсін! Еліміздің көк аспанында бейбітшіліктің туы желбірей берсін!
Аяжан ӘБДІБЕКОВА.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓