Мен атамды мақтан етемін

Анамның әкесі Құлмағанбетов Қайнолда нағашы атамның өмір жолы кейінгі ұрпағына үлгіөнеге. Ұлы Отан соғысының бел ортасында болып, қан маңдайда жанын шүберекке түйіп шайқасқан. Мен өз атамды ел қорғаған батыр ретінде қадірлеймін әрі достарымның алдында мақтан тұтамын. Менің атам сияқты отансүйгіш ел азаматтарының арқасында біз неміс фашистерімен болған соғыста жеңіске жеттік. Қазіргідей бейбіт өмір сүріп отырғанымыздың өзі – аталарымыздың арқасы деп ойлаймын. Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері атам туралы сыр шертемін.
20200503_122746
Атам Құлмағанбетов Қайнолда Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Көкалат ауылында 1926 жылы 23 ақпан күні қарапайым отбасында дүниеге келген. 16 жасында, яғни, 1943-1944 жылдары Албарбөгет ауылдық кеңесінде секретарлық қызмет атқарған. 1944 жылдың 25 қыркүйегінде 17 жасында әскерге шақырылып, 1950 жылдың 18 сәуіріне дейін Армия қатарында болған. 321 атқыштар полкі құрамында ұрыстарға қатынасты. "Германияны азат еткені үшін", "Жауынгерлік еңбегі үшін" медальдарымен марапатталған. Елге оралған соң 1950-1951 жылдары Жаркөл ауылдық кеңесінің хатшысы, 1951-1952 жылдары Қазақ КСР Қостанай облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, 1952-1954 жылдары Торғай аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторы, 1954-1960 жылдары аудандық кеңестің жалпы бөлімінің меңгеруші, 1960-1977 жылдары аудандық коммуналдық мекемесінің меңгерушісі, 1977-1981 жылдары Жанкелдин аудандық типография мекемесінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Осы жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан, өзінің келісімі бойынша 1982 жылы 20 наурыздан бастап аудандық РПС мекемесінде шаруашылық жөніндегі директорлық қызметін атқарған.
2004 жылы 21 тамызда дүниеден өтті. Мен осындай батыр атамның барына қуанамын. Олардың ерліктерін қастерлеп, бағалауға міндеттіміз деп санаймын. Әлемде тек бейбітшілік болсын!
 Дастан Нұрмаш,
А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің
7-сынып оқушысы
Түркістан облысы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓