Жеңіс күні қалай тойланбақ?
Алдағы мереке күндері Қостанай қаласында қандай іс-шаралар өтеді? 9 мамыр – Жеңіс күні қалай тойланбақ? Осы сауалдар төңірегінде Қостанай қаласы әкімінің орынбасары С.Шаймұрынов толығырақ ақпарат берді.
Брифингте айтылғандай, биыл эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүзге жуық іс-шара онлайн және офлайн режимде өткен. Мереке қарсаңында, яғни, бір ай бұрын әртүрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілген. Соңғы жылдары мызғымас дәстүрге айналған «Мәңгі өшпес полк» патриоттық акциясы биыл онлайн режимге ауыстырылды. Бұл акцияға қатысу үшін 8мамырға дейін Ұлы Отан соғысы ардагерінің суретін, атыжөні мен әскери шенін жазып, «Кабельный сети» телеарнасына жолдау керек. Ардагердің суреті міндетті түрде эфирден берілетін болады.
Соңғы мәлімет бойынша, Қостанай қаласында 33 Ұлы Отан соғысының қатысушысы бар. Ардагерлер тұрып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында музыкалық құттықтау бағдарламалары ұйымдастырылмақ. 6 мамыр күні қоғамдық көліктерде, сауда, ойын-сауық орталықтарында әскери әндер шырқалады. 9 мамыр күні Сити-орталықта сағат 10:00-де әскери қару-жарақ, сарбаздардың жеке қолданған заттары, майдан даласында жазылған хаттар және басқа да экспонаттардан құралған арнайы көрме ашылады. Дәл осы күні Жеңіс саябағына гүл шоқтарын қою рәсімі де санитарлық нормаларға сәйкес ұйымдастырылады. Ол үшін ардагерлер облыстық әкімдіктің алдындағы алаңнан бастап Жеңіс саябағына дейін көлікпен жүріп өтеді.
- Біздің облыс «жасыл аймақта» тұрғанына қарамастан, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауларыңызды сұраймын. Көпшілік шоғырланатын орындардан алшақтап, қауіпсіздікті қаптамасыз етейік. Қала тұрғындары осы мәселені назарға алса екен деймін. Жеңіс күні – еліміз үшін айтулы мерекелердің бірі. Соғыс жылдары елдегі азаматтардың 70%-і майдан даласына аттанды. Біздің отандастарымыз ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Оның 29-ы – жерлесіміз. Талғат Бигелдинов, Сергей Лугинский, Леонид Беда және Иван Павлов сияқты майдангерлер Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте иеленді. Бабалар ерлігі ұрпақ жадында мәңгіге сақталмақ,- деді қала әкімінің орынбасары С.Шаймұрынов.