Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. Бейбіт күнде өмір сүріп жүріп, Жеңістің бағасын біліп жүрміз бе? "Соғыс басталды…" Қандай қасіретті сөз… Қазақтың мамыражай даласын қалың тұман басқан күн. Бұл соғысқа кезінде әрбір бесінші қазақстандық Отан анасын қорғау үшін аттанды. Қаншама қазақстандық ұрыс даласында жан тапсырды. Ұлы Отан соғысы кезінде балашаға, үйде қалған аналар ел, жер үшін, жауынгерлердің амандығын тілеп, тылда еңбек етті. Тылда еңбек еткен қарттар мен аналардың, балалардың да төккен терлері, жасаған еңбектері ерен.
Қаһарлы күндерден кейін Жеңіс те келіп жетті! 1945 жылдың 9 мамыр күні дәл осы шаттық хабарды естіген талайлардың жүректері қуаныштан лүпіл қақты. Ұлы Жеңіс миллиондаған адамдардың төгілген қанымен келді. Соғыс салған қасірет әрбір жанұяның тарихында із қалдырды. Ұлы Отан соғысы жайлы қаншама шығармалар жазылып, қаншама кино түсіріліп жатса да, оның тарихына еш уақытта нүкте қойылған жоқ. Ерлікпен шайқасып лайықты бағасын алғандар да бар. Әр кезде, әр уақытта Отан үшін аянбай тер төгіп, осындай күнге жеткізген батырларымызды еске алып отыру – біздің міндетіміз.
Уақыт өткен сайын аталарымыз сыйлаған Жеңістің маңызы артып келеді. Олар көрсеткен ерлік бүгінгі бізге үлкен өнеге. Майдандағы жауынгерлердің ғана ерлігі емес, тылда еңбек еткендердің де еңбегі жоғары ілтипатқа лайық деп есептеймін. Себебі, олар кезінде майдан шебіндегі солдаттармен бірдей қиыншылық көріп, бірдей азап шекті. Ашаршылықпен қатар ауыртпалықты бастан кешкен олар да Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Осы Жеңісті төзімділікпен күткен аналар мен балалар қаншама десеңізші?!.
Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. Осы күнді жақындатқан батырларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Бүгінде қариялар қатары сирегенмен, олардың ұрпақтары ортамызда. Ендеше, мерейлі мерекеде бейбіт күнге жеткізген аталарымыздың ерлігін еске түсіріп, құрмет көрсетейік! Дүние жүзінде бейбіт өмір ғана орын алса екен деймін.
Қазақстандықтарды Ұлы Жеңіс мейрамымен құттықтап, ел тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгілік болса екен деп тілеймін.
Диана ОМАРОВА,
№5 орта мектептің 10-сынып оқушысы.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓