Зор құрметтің нышаны
ІІ Дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында жағымды жаңалыққа куә болып отырмыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ардагерлер туралы" ҚР Заңына қол қойды. Бұдан былай Ұлы Отан соғысына қатысушылармен бірге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатынасқандар, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер және еңбеккерлер "ардагер" деп танылатын болды. Бұл өте құптарлық шешім деп білемін. Өйткені заңда мәртебесі көрсетілген тұлғалардың қай-қайсысы да бүгінгідей бейбіт заманның орнауына жан аямай үлес қосқандар. Дәрежелері теңестірілген ардагерлер туралы жаңа заңда көптеген дүние тәптіштеп түсіндіріліп отыр.
Мен өзім Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезде от пен оқтың арасына жіберілген әскери міндеттілер қатарында болдым. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу кезеңі сол бір қанқұйлы оқиғамен тұспа-тұс келді. Бұл біздің буынның маңдайына түскен тағдыр еді. Тарих беттерінде және жадымызда ауыр естеліктермен ғана қалатын соғыс оты енді қайтып елімізге, халқымызға қауіп төндірмесін деп тілеймін. Болашақ ұрпақ осынау бейбіт аспан астында бақуатты өмір сүріп, тыныштықтың қадірін біліп өтсе екен деймін. Ал алапат кезеңдердің куәгерлеріне құрмет пен қолдау көрсетіп отырған мемлекетіміздің басшылығына айтарымыз алғыс қана! Осы заң аясында елдің қаншама азаматы "ардагер" деген қадірлі атауды иеленіп, қаншама әлеуметтік жәрдем мен тұрмыстық жеңілдік көргелі отыр. Бұл зор құрметтің нышаны, үлкен ғанибет қой!
Осы мүмкіндікті пайдаланып барша қазақстандықты Жеңіс мейрамымен құттықтағым келеді. Лайым сөзімізге сүйінші ғана арқау болып, көзімізге шаттықтың жасы ғана үйірілсін! Жеңістің алауы мәңгілік лаулап тұрғай!
Кендебай Тұрмағамбетов,
Ауған соғысының ардагері,
Жангелдин ауданы, Тәуіш ауылының тұрғыны