14 кәсіпкер жауапқа тартылды
Қостанай облысында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген санитарлық нормаларды бұзғаны үшін шаштараз және ломбардтардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралыоблыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
4 мамырда Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Қостанай облысының бас мемлекеттік дәрігерінің 15.04.2020 ж. №11 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №17 Қаулы шығарған еді. Осы Қаулыға сәйкес, облыс аумағында карантин режимін кезең-кезеңмен жеңілдету бөлігінде өзгерістер енгізілген болатын. Қызметін қайта бастауға рұқсат алған нысандарда қаулы шарттарының орындалу мониторингі жүргізілді. 4-5 мамырда 1090 объект тексерілді. Олардың 14-нің (5 шаштараз, 4 ломбард, алаңы 500 ш.м. аспайтын 2 азық-түліктік емес дүкен, 1 гүл павильоны, 1 фотосалон, 1 шеберхана) санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтамағаны анықталды.
Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Владимир Нечитайло атап өткендей, жоғарыда көрсетілген нысандар талапқа сай жұмыс істемегені үшін жауапқа тартылып, материалдар сотқа жіберілді.
Бақылау жалғасатын болады.