Бек қойған белгі
Белгілі меценат, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен Бек Жүсіповтің есімі талайға таныс. Жүрген жерінде кілең жақсылық атаулыға жаршы болып жүретін оның туған жері, өскен ортасына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бірақ, ешкімге тіс жарып, еткен жақсылығын міндетсіген емес. Көбіне үнсіз қалады. Бұл оның қанындағы бар қасиет. Осы Бекеңдер Бестөбені басқарған жиырма жылда шалғайдағы шаруашылықты адам танығысыз етті. Әлі күнге еңселі елді мекен облыстағы ең көрікті ауылдардың бірі саналады. 2008 жылы Бек Зейнелұлы туған ауылына құны 97 млн теңге тұратын су жаңа Мәдениет үйін сыйға тартты. Ауыл ішінде Бектің тапсырысымен жасалған жиырма екі мүсін орнатылған. Бәрін үнсіз атқарды. «Мен істедім!», – деп жарияға жар салып, кеудесін ұрған жоқ.
Бекең 2013 жылы Қостанайға қоныс аударды. Әлдеқашан зейнеткерлікке шықса да Зейнелұлы әлі күнге дейін ескі ғадетінен жаңылмапты. Ана бір жылдары облыс әкімі А.Мұхамбетов «Көркейе бер, Қостанай!» акциясын жариялап, кәсіпкерлерді туған жерін түлетуге үндегенде күнделікті теледидар жаңалықтарын құр жібермейтін Бекең: «Мен де қаланың гүлденуіне өз үлесімді қосуым керек» деп ой түйген. Өзінше жоспар түзді. Түрлі жолдарын іздестірді. Көзтаныстарымен ақылдасты. Бірде құдасы – марқұм Жанділдә Мақановқа әлгі ойын айтып көрген. Қостанайдың қақ ортасынан қазақтың үш батырына ескерткіш қойсам дейді. Майдан даласында мерт болған медбикелердің мүсінін орнатсам деген ішкі ойын да бүгіп қала алмады. Жәкең екінші ұсынысын құп көрді. Расында да, ерлермен бірге иық теңестіріп, соғыс жылдарында ерлік көрсеткен әскери-медициналық қызметкерлерге неге бір ескерткіш орнатпасқа?! Ойлап отырса, Қазақстанда соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлерге көптеген ескерткіш орнатылған. Ал талай жаралы жауынгерді от пен оқтың ішінен аман алып шығып, емдеп жазған медицина мамандарына қойылған бір белгі жоқ. Бұл қалай? Бекең ұзақ ойласты. Есіне жолдасы – Орындық екеуінің Есентуки шипажайына барғаны түсті. Бұлар сондағы Жеңіс саябағын аралап жүргенде анадайдан менмұндалаған медбике мүсінін көреді. «Қандай ғажап туынды! Біздің елде де осындай бір ескерткіш тұрса айып па?» – деп топшылаған сонда.
Енді міне, мұның сол ойын Жәнділдә Қожахметұлы да құптап отыр. Ойлары бір жерден шыққанына Бекең де іштей қуанды. Бірақ, оны қайда қояды? Бек Зейнелұлына жоспарын қағазға түзіп, талай кеңсенің есігін қағуға тура келді. Облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаевтың қабылдауына жазылды. Қаланың сол кездегі әкімі Б.Жақыповқа барды. Обалы кәні, билік басында отырған азаматтар бұл кісінің ұсынысын жерде қалдырмауға уәде берді. Болашақ ескерткіш кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өнеге. Екіншіден, Бекең нағыз істің адамы. Ойлағанын жүзеге асырмайынша тыным таппайды. Бестөбені күн-түн қатып, талай таңды ұйқысыз атыруының арқасында көркейткен жоқ па. Айтпақшы, Қостанайға әкім болып енді тағайындалған Қайрат Ахметовтің де құлаққағыс етіп, шаруа жайын бірыңғайлап алған. Болашақ ескерткішке қолайлы жер қарастырғанда жергілікті билік Жеңіс саябағынан орын ұсынды.
Арада санаулы күндер өткенде, мереке қарсаңында Жеңіс саябағында қасына итін ерткен медбике мүсіні пайда болды. Жауынгер киімінде бедерленген мүсінге зер салып, мұқият қарасаңыз қазақ қызының бейнесін көруге болады. Иә, Қазақтың қызы! Соғыс жылдары қаншама қаракөздеріміз жат жерде опат болды. Есімдері көпке аян Әлия, Мәншүк, Хиуаздардың ерлікке толы істерін жержаһанда кім білмейді. Бізге бәймәлім қазақтың қаншама қызы ұрыс даласында көз жұмды. Міне, бұл соларға қойылған ескерткіш! Жиынтық образ. Қазақстанда алғаш рет Қостанайда бой көтерді. Бір жағынан ескерткіш қойылған жерде соғыс жылдары әскери госпиталь болған. Сонда қаншама қызкеліншектер ажалға ара тұрды. Тіпті, қазір шартарапты шарпыған жұқпалы дертке қарсы күресте білікті мамандармен қатар қарапайым медбикелердің бір сапта, тәулік бойы тікесінен тік тұрып қызмет етуін ерлік демей көріңізші! Ендеше, Бекеңнің – Бек Зейнелұлының бұл еңбегі қостанайлықтарға ерекше қымбат. Ескерткішке ілінген тақтайшада «Барша Қазақ халқының атынан және Жүсіповтер мен Мақановтар отбасынан» деген сөздер айшықталып жазылған. Яки, барша отандастарымыздың атынан қойылған ескерткіш бұл.
Бірде Жеңіс саябағында әрлі-берлі серуендеп жүргенде ескерткішке ерекше бір ықыласпен қарап тұрған қартаң кісіге жолықтым. Анығында ол кісі мені өзі шақырды. «Сендер мына ескерткішті қойған кісіні білесіңдер ме?», – деді әлгі кісі. Мен басымды изедім. Иә, Бекеңмен ұзақ жылдардан бері жақсы таныс едік. Талай жақсы істеріне куә болғанбыз. Бірақ, оның мына мәрттігінен хабарымыз шамалы болып шықты. «Осындай кісілерді дәріптеу керек. Тіпті, дәріптеу аз, Үкіметтік наградаға ұсынса да көптік етпейді», – деді бейтаныс қария. Содан бері арада бірталай уақыт өткен. Жуырда Бек ағамыздың өзін ескерткіш маңынан кездестірдік. Жалғыз жүрген жоқ. Жанында жұбайы – Орындық жеңгей, қарындасы – Қарлығаш бар. Қолдарына бір-бір алқызыл гүл алып, ескерткіш жаққа беттеп барады. Кәнігі фототілші Бағдат Ахметбеков осы бір сәтті қалт жіберген жоқ. Шырт еткізіп таспаға тарта қойды.
– Біз мұнда жиі келеміз. Кейде немерелерімізді ертіп аламыз. Адамның бойында Отанға деген сүйіспеншілік, жақсы көру ұғымы бала жастан қалыптасады. Ата-бабаларымыздың ерлікке толы өнегесі өскелең ұрпақ санасына өршіл мінез, ұлттық рух ұрығын сіңіреді, – дейді Бекең. Біз білетін Бек Зейнелұлы көп сөздің адамы емес. Бірақ, бұл жолы баяғының би-шешендеріндей әр айтқан сөзі кесек шықты. «Ақша – адамның ар-ұжданы емес, Ар-иба – иманнан! Отанға, туған жерге көрсеткен қызметің ғана адам баласының иманын көркем етеді. Кейінгі толқын алдында біз осыған жауаптымыз», – дейді Бекең. Азкем әңгімеден соң біз жөнімізге кеттік. Бек аға мүсінді баласындай мәпелеп қала берді.
Иә, сөз бен істің дәнекеріне айналған Бектің белгісі – аз уақыттың ішінде көпшіліктің жиі келетін орынына айналғанына шүбә жоқ.
Суреттерді түсірген
Бағдат АХМЕТБЕКОВ