Тарандағы тақымдылар тайталасы
Жеңіс мерекесі қарсаңында Таран ауданының Набережный ауылында көкпар сайысы ұйымдастырылды. Оған Таран, Сарыкөл, Денисов және Жітіқара аудандарынан шабандоз жігіттер мен жарысқа түсетін жараулы аттар келді.
Алғашқы кезекте алаңға Набережный мен Денисовтың командасы шықты. Тастақым шабандоздар ат жалын тартып мініп, салым салуға асықты. Басында жергілікті шабандоздар алға шыққанымен, екінші кезеңде тартыс басқаша өрбіді. Есеп – 2:2. Осылайша командалар бір-бірлерімен алма-кезек сынға түсті. Білекті жігіттер жерде жатқан серкені тақымға қысып, өз командасына ұпай жинау үшін күштерін сарпыса, бұлшық еттері бүлкілдеп ойнақшыған тұлпарлар алаңды шаңға бөктірді. Ұлттық ойын барысында ат дүбірі толастамай, қызу қанды жігіттер бір-бірін айқын басымдылықпен жеңіп, мықтылықтарын, әбжілдіктерін көрсете алды.
– Шараның басты мақсаты – ұлттық ойынымыз көкпарды халық, әсіресе, жастар арасында кеңінен насихаттау. Талантты шабандоздарды жан-жақты ынталандыру. Бүгінгі көкпарға жүзге тарта тұлпар мен 2000-ға жуық адамның жиналуы – ұлттық ойынға деген халықтың қызығушылығын, сағынышын білдірсе керек. Біз бұдан былай ат жарыстарын сәуір-қазан айлары аралығында, дәстүрлі түрде өткізіп тұратын боламыз, – дейді көкпарды ұйымдастырушы, саналы ғұмырын ат спортына арнаған Набережный ауылының тұрғыны Жайылхан Құлқаев.
Көкпар қорытындысы бойынша Набережныйдың «Тамды» командасы 1-орынды иеленді. 2-орын Денисов ауданының шабандоздарына бұйырса, 3-орынды сарыкөлдіктер місе тұтты. Сондай-ақ, мереке аясында делебесі қозып, демдерін ішіне бүккен көрермендер үшін ептілікті де, күштілікті де, төзімділік пен батылдықты да талап ететін ұлттық спорт түрлері «Аударыспақ» ойыны мен бәйге жарысы өтті.
Дүбірлі думанда бақтары жанған шабандоздар демеушілер тарапынан алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Таран ауданы