Майданнан келген хаттар

Майдан даласында жазылған үшбұрыш хаттар қазіргі уақытта мұрағаттың алтын қазынасына айналып отыр. Сарғайған хаттарды оқып отырып, Ұлы Жеңіс жолындағы жауынгерлердің ерлігін және бүгінгі бейбіт заманның қадірін түсінгендей боласың. Ұлы Отан соғысындағы қасірет пен тылдағы еңбекті жас ұрпаққа түсіндіру мақсатында «Майданнан келген хаттар» атты кездесу өтті.

IMG_8151

Аталған іс-шараны «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы Қостанай облысының мемлекеттік мұрағатымен бірлесе ұйымдастырды. Мұрағат ғимаратында басқосқан көпшілік майдангерлердің хаттарымен танысты.  Соғыс ардагері Михаил Подоляков, Қостанай облысы мемлекеттік мұрағатының директоры Валерий Вишничено, «Нұр Отан» партиясы ҚОФ баспасөз қызметінің жетекшісі Серікбай Шаймағамбетов сияқты аға буын өкілдері үшбұрыш хаттардың маңыздылығы туралы әңгімелеп берді. Алдыңғы толқынның әр сөзін ұйып тыңдаған  жас буын көне хаттарды қолмен ұстап, оқып шығуға мүмкіндік алды.

IMG_8149

 

IMG_8143

– Соғыс уақытында хаттың маңызы зор болды. Елде қалған жас-кәрі жауынгерлердің амандығын тілеп, олардан хат күтетін. Үшбұрыш хат алғандар шаттанып, «қара қағаз» келген үй қара жамылатын. Сол уақыттағы жазбалардан соғыстың ауыртпалығын түсінуге болады. Бұрын интернет болған жоқ. Бірақ, адамдар хат алмасып, бір-бірінің амандығын біліп отырды. Ал қазір хат жазуды ұмыттық. Жаһандану үдерісінде мемлекетіміздің тарихын, мәдениетін құрметтемесек, баға жетпес құндылықтарымызды жоғалтамыз,-деді «Нұр Отан» партиясы ҚОФ баспасөз қызметінің жетекшісі Серікбай Шаймағамбетов.

IMG_8135

 

IMG_8148

Майданнан келген хаттардың ең көп жинағы Рудный қаласындағы мемлекеттік мұрағатта сақтаулы. Ал Қостанай облысының мұрағат қорында жүзге жуық майдангер хаты бар. Үшбұрыш хаттардың кейбірін мұрағатшылар әрбір үйді аралап жүріп жинаса, енді бірін жеке азаматтар өздері тапсырған.

IMG_8136

Үшбұрыш хаттар ердің амандығын елге жеткізген еді. Сондықтан әрбір хатты сандық түбінде сақтап, аналары ұлдарын сағынғанда сан мәрте қайталап оқыған. Талайлардың үмітін үздірмей, Жеңіске деген сенім силаған да сол хаттар. Иә, сол хаттар бүгінде шаң басқан архивтерден табылады.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерде: іс-шарадан көріністер;
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓