Ерлігіне ел риза

Мен майдангер ұрпағымын. Атам Қуанышбай Әбдрахманов жау жағадан алған Ұлы Отан соғысында қан майданға аттанған. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деген, соғыстан аман оралғаннан  кейін бейбіт өмірде еңбек етті. Ол кісі бұл күнде өмірде жоқ.
Шылтиева1
«Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен», ел басына күн туған қиын да қысталаң шақта өз қатарларымен бірге Отан үшін от кешіп, майданға аттанған, сол күндерден көзбен көргендерін еске алып, айтып отыратын. Мен атамның айтқандары жайлы естелігінен сыр шертпекпін…
1917 жылы туған атам Қуанышбай Әбдрахманов 1941 жылдың қыркүйек айында Амангелді ауданы №12 Мереке ауыл Советінен 20-30 азамат армияға аттаныпты. Аманқарағай бекетінен әскери эшелонға отырып, әуелі Свердловск қаласына, одан кейін Шадринск деген жерде құрылған атты әскер полкында соғыс өнеріне жаттығыпты. Мұнда 1942 жылдың тамыз айына дейін болып, қыркүйекте Батыс майданға аттанған. Атышулы Сталинград шайқасына енген.
Бүкіл Отан соғысы тарихында Сталинград шайқасының орны ерекше екені қазір кім-кімге болса да мәлім. 1943 жылдың 2-ші ақпанында осы шайқас біздің армияның толық жеңісімен аяқталады. Фельдмаршал фон Паулюс басқарған фашистердің бір ірі құрамасын жойып жібереді. Наурызға дейін Сталинград қаласын қаза тапқандардан тазартып, оларды туысқандар зиратына жерлейді. Сол кездің мәңгі белгісіндей «Сталинградты азат еткені» үшін медалі айғақтайды.
Одан әрі 1943 жылдың 5-наурызында Болгарияға аттанып, соғысқа енеді, сол ұрыста батареядағы 60 адамнан 7-ақ адам қалады, ұрыс өте қиын жағдайда өтеді. Осы шайқаста сол жақ қолынан жараланып, дала госпиталінде емделіп, қайта 1-ші тамызда Днепр жағасындағы шайқасқа кіреді. Түскі шабуыл кезінде оң тізеден жарақаттанып, Тамбов облысының госпиталінде емделіп шығып, қайта Днепр шайқасына қатынасады. 3-інші Украин майданы,68-нші дивизия,6-шы батареяда 120 миллиметрлік гаубица зеңбірегінде оқтаушы болады.
Бұл зеңбіректің бір снарядының салмағы 25 килограмм, соны ұрыс кезінде жанталасып, көтеріп тасиды екен. 3-інші Украин шайқасы бағытында Львов, Проскуров қалаларын жаудан азат етуге қатысады. 1943 жылдың 28 қыркүйегінде немістерді Днепрдегі бекіністерінен Венгрия жеріне дейін біржолата қуып, тойтарыс береді.Осы ұрыс куәсіндей  «Ержүректілігі үшін» және «Жауынгерлік қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. 1945 жылы 18 ақпанда Будапешті жаудан азат етіп, сол қаланың батысындағы Балатон көлі үшін  болған ірі ұрысқа қатысады. «Будапешті азат еткені үшін» медалі осы шайқаста берілген.
Мұнда немістердің 300 танкісі бар СС дивизиясы шоғырланыпты, солармен осы 68-нші дивизия шайқасқан.Бұл әскери құраманың  қолбасшысы Толбухин еді. Бұл ұрыс наурыздың аяғына дейін созылыпты. Осы жерден Берлинге дейін 25 шақырым жетпей тоқтаған. 1-ші мен 4-ші Украин майданының жауынгерлері осында қалып, 68-нші дивизия Австрияға  жөнелтіледі .Сонда жүріп, соғыстың аяқталып, жеңіс күні жеткенін естиді.
Бірақ атамды армия қатарынан босатпай, Шығыстағы жапон самурайларымен шайқасқа дайындайды. Алайда ол соғыс тез арада біздің әскердің жеңісімен аяқталады. 1945 жылдың күзі мен қысын Румынияның Бухарест қаласында өткізеді. Содан тек 1946 жылдың 20 наурызында армиядан босатылып, елге қайтару туралы бұйрық шығады.
Сол жылдың 21 мамырында армия қатарынан біржола босап, 8 маусымында туған ауылы Қайғыға келеді. Атам айтып отыратын, өзімен бірге аттанған 20-30 адамнан екі-ақ адам тірі қайтыпты: ол – Сүлеймен  Жанбосынов және өзі. Елге келгеннен кейін колхоз, одан совхоз шаруашылықтарына араласып еңбек етеді. 1962 жылдан 1977 жылға дейін Науырзым мемлекеттік қорығында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығады. Атам үнемі: «Ендігі ұрпақ соғыс деген зұлматты түсінде де көрмесін,оларға біздің басымызға туған күнді ешқашан да бермесін» деп Аллаһтан тілеп отыратын еді.
Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Әлия ШЫЛТИЕВА,
Рудный қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓