ӘЗІРЛІК ПЫСЫҚТАЛДЫ
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қала және аудан әкімдерімен селекторлық кеңес өткізіп, дала және орман өрттерінің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Бұл жайында ол өзінің инстаграм парақшасында хабарлады.
Өңірде 95 елді мекенді оттан қорғауға қауқарлы 27 өрт сөндіру бекеті бар. Олардың барлығы да қажетті құрал-жабдықтармен, техникамен толық қамтамасыз етілген. Қауіпті кезең басталғалы қорғаныс нысандары күшейтілген тәртіпке көшірілді.
Жиында денсаулық сақтау және спорт басшыларының "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында жобаларды іске асыру барысы туралы баяндамалары тыңдалды.
2020 жылы денсаулық сақтау саласында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" және «Ауыл-Ел бесiгi» бойынша әр түрлі қаржыландыру көздерінен 17 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шығын көлемі – 4,7 млрд теңге. Бағдарлама аясында 830 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар, дене шынықтыру және спорт саласына да 724,0 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржыға 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Қаражаттың дені спорттық нысандардға ағымдағы және күрделі жөндеу, көгалдандыруға жұмсалмақ. Айтулы іске 181 жұмыс қолын жұмылдыру жоспарланған.
Жиын соңында аймақ басшысы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жобалардың жүзеге асырылуын барынша бақылауда ұстайтынын ескертті.