Ерлігі – мәңгі естелік

Жеңіс күні – тарих қойнауына еніп, алыстап бара жатса да, жыл сайын адамды ерекше толқытатын айтулы күн.
Соғыс жылдарында «қара қазан, сары баланың қамы үшін» шайқас даласында шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, жан алысқан жауынгерлер ерлігі тарихымыздың төрінен ойып орын алады.
1941-1945 жылдары жауға қарсы жорыққа аттанғандардың арасында менің атам Тұрман Шабдаров та бар еді. Атам жайлы естеліктерді біз әжемізден біліп өстік. Көпей әжеміздің айтуынша, атам 1939 жылы 22 жасында Кеңес-Фин соғысында азаматтық парызын өтеп, еліне келер кезінде Ұлы Отан соғысы басталып кеткен көрінеді. Сөйтіп ол кісі майдан даласына қайта оралады.
Соғыс жылдарында Украина жерінде фашистермен жан алысқан атам атқыштар дивизиясы құрамында елінің еркіндігі үшін ерлік көрсетті. 2 жыл Кеңес-Фин соғысы, 5 жыл бойы фашистік Германиямен майдан даласында маңдай терін төгіп, Тұрман ата 1946 жылы Отанына оралады. 7 жыл бойы жаумен жаға алысып, жан аямас шайқасты басынан өткерген атамның дін аман қалуы біз үшін ғажап дүние.
Соғыс жылдарындағы ерен ерлігі үшін атам Ұлы Отан соғысының II дәрежелі және Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың медалімен марапатталған.
Әжем екеуі 4 баланы тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп, 2000 жылы 83 жасында дүниеден озды. Біз үшін жауынгер атамыздың жанқияр ерлігі – жадымыздан өшпес мәңгі естелік.
Назгүл ШАБДАРОВА.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓