Аулаға ағаш отырғызды
Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына қарсы 17-наурыздан бері елімізде карантин жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты ұлттық мерекелерді атап өтуге тиым салынды. 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнін де қостанайлықтар өз отбасында қарсы алды. Дегенмен, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы шешімін қабылдады.
Оның ішінде тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып аулаларда және балалар алаңдарында серуендеуге рұқсат берілді. Сондай-ақ, саяжай иелеріне карантиндік аймақ шегінде орналасқан бау-бақшаға баруға, тұқым мен көшет отырғызуға болады.
Қостанайдағы «Әуежай» шағын ауданының тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күні ауларына ағаш көшеттерін отырғызды. Оны қала тұрғыны Оразбек Ғалымов ұйымдастырды.
– Бұл мереке – еліміздегі сан алуан ұлттардың достығын, бірлігін паш еткен мереке. Қасиетті Рамазан айында, халықтық мейрам күні көршілерімді ұйымдастырып, аулаға бірнеше ағаш отырғызуды құп көрдік. Халқымыз: «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», -деген сөзді бекерге айтпаған, біздің шағын ауданның бой көтергеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Зеңгір көкпен таласқан зәулім үйлердің айналасында осындай ағаштар көп болса, қаламыз құлпыра түспей ме. Оның үстіне ауа да тазарарады. Жазда саясында отыруға болады. Сондықтан, мұның пайдасы зор. Екіншіден, соңымыздан ерген ұрпақтарымызға – балаларымыз бен немерелерімізге ісімізбен үлгі-өнеге көрсетейік деп шештік,-дейді шағын аудан тұрғыны.
Қостанайдағы «Әуежай» шағын ауданы 2012 жылы бой көтерді. Мұнда бүгінгі таңда жеті мыңнан астам адам тұрады.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ