Атқарылған жұмыстар аз емес дегенмен мал басы кеміп, инвестиция көлемі азайған
Жыл басынан бері өңірде аудан әкімдері атқарылған жұмыстар мен алда тұрған жоспарлары жайлы жұртшылық алдында есеп беруде. Бұл жолы Әулиекөл ауданы әкімінің есебі тыңдалды. Алқалы жиынға облыс әкімі Н.Садуақасов және басқарма басшылары, сала мамандары, аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Өңір басшысы актив жиналысынан бұрын, ең алдымен Новоселовка ауылындағы "ИНСПЭК" ЖШС мал шаруашылығы кешенінде болды. Аталған кешен 2011 жылы пайдалануға беріліпті. Ет экспорты әлеуетін арттыруда зор үлес қосып отырған серіктестік асыл тұқымды іріқарадан басқа, жылқы және қой өсірумен де айналысуда. Бүгінде шаруашылық сегіз жүзден астам іріқара, екі жүзге жуық жылқы, жүз елуден астам қой өсіріп отыр. Мұнан кейін әкім өткен жылы жөндеуден өткен ауыл медпунктіне де бас сұқты. Сондай-ақ, аудан орталығындағы жаңадан салынған прокуратура ғимаратын аралап көрді. Бүгінде Әулиекөл ауданы бойынша екі жүзден астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Сондықтан, жергілікті билік аудан орталығында 280 орындық бүлдіршіндер үйін салуға ұсыныс білдірген көрінеді. Дегенмен, бұл проблеманың орнын аз да болса толтыру мақсатында өткен жылы ауданда толық күнге арналған 50 орындық шағын орталық ашылған болатын. Облыс әкімі аталған шағын орталыққа арнайы соғып, кішкентай бүлдіршіндерге ойыншықтар сыйлады.
Ал, аудандық мәдениет үйінде өткен алқалы жиында аудан әкімі өзі басқаратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы жылы атқарылатын жұмыстар барысы туралы есеп берді. А.Балғариннің айтуынша, аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар аз емес.
– Өткен жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан әулие-көлдіктер егін орағын табысты аяқтап, 190 мың тоннадай астық қамбаға құйылды. Көктемгі дала жұмыстарына алынған несиелердің барлығы жабылды. Бүгінде аудан диқандарымен 553 млн. теңгеге 20 астық жинау комбайны мен 14 трактор сатып алынды. Майлы дақылдар алқабы 2300-ге, мал азығына арналған шабындық жерлер 12 600 гектарға ұлғайтылды, – дейді аудан әкімі А.Балғарин.
Әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар да аз емес. Мәселен, 2011 жылы басталған Құсмұрындағы жылу қазандығы мен жылу беру жүйелерінің құрылысы өткен жылы аяқталып, іске қосылды. "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы шеңберінде өткен жылы республика және облыс қазынасынан бөлінген қаржыға Чернышев орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы арқылы да Тимофеевка және Новонежинка орта мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ал биыл Аманқарағай орта мектебіне ағымдағы, Тимофеевка орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Мұның сыртында, биыл "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы арқылы Москалевтағы, Құсмұрын мен Новонежиндегі мәдениет үйлерін де күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, аудан орталығындағы Сьянов атындағы орта мектеп пен Құсмұрындағы балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу, ауыл шаруашылығы колледжінің екінші жатақханасы мен оқу және зертханалық корпустарын қайта қалпына келтіру жұмыстары да кезек күтіп тұр. Ал, "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша Аманқарағай және Құсмұрын селосына су құбырын тарту бойынша ұсыныстар жіберілген.
Ауданда облыс әкімінің басты тапсырмаларының бірі – мал шаруашылығын өркендетуге де баса ден қойылуда. Мәселен, "Сыбаға" бағдарламасы жүзеге асырыла басталғалы 1074 іріқара алынса, соның 242-сі былтыр сатып алынып, жоспар 156 пайызға орындалған. "Алтын асық", "Құлан" бағдарламалары арқылы да жылқы мен қой шаруашылығын өркендетуге ден қойылып отыр. Жалпы, 2013 жылмен салыстырғанда өткен жылы мал басын көбейткісі келген шаруашылықтар саны он беске жеткен. Мәсе-лен, былтыр Тимофеевка ауылында 100 басқа арналған мал бордақылау кешені іске қосылған, бұл инвестжобаның құны 65 млн. теңге. Ал, үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында екі инвестжобаны Құрқуыс және Аққұдық ауылдарында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Дегенмен, ауданда мал шаруашылығын өркендетуге баса ден қойылғанмен, былтырғы көрсеткіш мал басының кемігендігін көрсетіп отыр.
– Аудан бойынша өткен жылы мал басының азайып кеткендігін көріп отырмын. Бұл бруцеллез ауруымен байланысты болып отырса, онда ветеринария мамандары дұрыс жұмыс істемей отыр деген сөз. Көп жағдайда мал басын көбейтуді қолға алған шаруашылықтар да ветеринарлық қауіпсіздікті күшейтуге тиісті назар бөлмейді. Осы олқылықтың кесірінен төрт түлік бруцеллез ауруына шалдығып жатады. Қазір де ауданда эпизоотикалық ахуал тұрақты деп айта алмаймыз. Сондықтан осыны басты назарға алыңыздар, мал басының кемуіне жол бермеңіздер, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Жиында жайылымдық жерлердің игерілуі де сөз болды. Жалпы, аудан бойынша қырық үш мың гектар жайылымдық жер игерілмей бос жатқан көрінеді. Былтыр бар болғаны 19 мың гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Облыс әкімі аудан басшысына ондай жерлерді қайтарып алып, пайдаға асырғысы келетіндерге беруді қадап тапсырды.
– Мәселен, Денисов ауданында жайылымдық жерлер жоқтың қасы. Ал, сіздерде қаншама жер бос жатыр. Жалпы, бұл өңір мал шаруа-шылығын өркендетуге аса қолайлы. Қырық мыңнан астам гектар жер игерілмей бос жатыр. Салықты неге көтермейсіздер, егер жерге салықты көбейтер болсаңыздар, игерілмей бос жатқан жерлердің иелері өздері-ақ қайтарып береді. Бос жатқан жайылымдық жерлерді қолынан іс келетіндерге, мал шаруа-шылығын өркендетемін дегендерге, соған зәру болып отырғандарға беріңіздер, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Аудан экономикасының дамуына серпін беретін тағы бір секторлардың бірі – өнеркәсіп өндірісі. Бұл саладағы өсім 2013 жылмен салыстырғанда өткен жылы біршама азайған. Былтыр небәрі 56 млн. теңге инвестиция құйылып, өнеркәсіп саласы бойынша 4 млрд. 263 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Дегенмен, облыс әкімінің айтуынша, бұл төмен көрсеткіш. Сондықтан, Н.Садуақасов аудан әкімі мен сала басшыларына ауданға ең бастысы инвестицияны көптеп тартуды қадап тапсырды. Сондай-ақ, индустрияландыру бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған нысандардың толық қуатпен жұмыс істеуін, сол сияқты жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандардың да уақытында тапсырылуына, қаражаттың уақытында игерілуіне баса ден қою керектігін алға тартты.
Жиын соңында аудан тұрғындары коммуналдық тұрғын үй, ауыз су мәселесі, тегін оқулық жайы, ауданда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу сияқты өздерін толғандырған сауалдарды ортаға салып, оған аудан басшысы да тұшымды жауап берді.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
Әулиекөл ауданы.