Мұқтаж жандарға көмек беріледі
Аса мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілетін болады. Бұл жөнінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі облыстық штаб отырысында айтты.
«Халық» қайырымдылық қоры Қостанай облысының 1,5 мың тұрғынына азық-түлік жиынтығын жеткізіп бермек. Көмек азаматтардың неғұрлым мұқтаж санаттарына көрсетіледі.
Қазіргі уақытта облыстың ірі сауда желілері арасында азық-түлік жиынтығын қалыптастыру мәселесі пысықталуда.
«Халық» қайырымдылық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Александр Павловқа көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірген деді облыс әкімі «Біз біргеміз!» республикалық акциясының жүзеге асырылу барысы туралы да айтты.
Акция шеңберінде бүгінгі дейін облыстағы 3 мыңнан астам мұқтаж адамға 40 млн теңгенің азық-түлігі жеткізілген.
Акцияның алғашқы кезеңінде Қостанай, Рудный қалаларының 5,6 мыңнан астам тұрғынына 284 миллион теңгеге көмек көрсетілген.
Екінші кезеңде аталған екі қаланың 9,5 мың мұқтаж тұрғынына 478 млн теңге көлемінде қосымша көмек көрсетілген.
«Мәслихат депутаттарына, аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне, «Олжа Агро» ЖШС басшысы Айдарбек Ходжаназаровқа, «Бест Қостанай» ЖШС басшысы Видади Юсубовқа, «Жас-Қанат 2006» ЖШС басшысы Қайрат Маишевке, «Рудный цемент зауыты» ЖШС басшысы Мухамеджан Турдахуновқа, «Қарасу» СӨК» ЖШС басшысы Алмат Тұрсыновқа, «БК-Строй» ЖШС басшысы Сергей Кимге, «Асалия» ЖШС Дулат Шаяхметовке, «Шолақсай 1» ЖШС басшысы Мәди Ихтиляповқа зор алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Архимед Мұхамбетов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке Қостанай өңірінде вируспен күреске көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Осы жылдың 24 сәуірінде облысқа 7 мың арнайы KN 95 кәсіби маскалары, 3 мың қорғаныш костюмдері, 35 млн теңгеге 120 инфрақызыл термометрлері әкелінді. Құралдар коронавирус инфекциясымен күреске жұмылған медицина ұйымдары мен мекемелерге берілді. Кеше «Көліктік сервис орталығы» АҚ Қостанай облыстық ауруханасына өкпені жасанды желдетудің жаңа заманауи аппаратын қойды.
«Көліктік сервис орталығы» АҚ президенті Мейрбеков Сәкен Маралбекұлына біздің облысқа Германия өндірісіндегі жаңа заманауи ӨЖЖ аппаратын өтеусіз бергені үшін алғыс білдіргім келеді. Көрсетілген көмек бізге инфекцияның таралуына қарсы тұруға көмектеседі», – деді облыс әкімі.