Ерлікке тағзым – ұрпаққа өнеге
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған шараларды өткізуге және мерекеге әзірлену үшін облыстық ардагерлер кеңесі арнайы есеп-шот ашты.Мұндай есеп-шоттар облыстың барлық аудан, қалаларында да ашылатын болады.
Жиналған қаражат Астана және Мәскеу қалаларындағы Жеңіс шеруіне қатысушылардың біркелкі киімін тігуге, көмекке мұқтаж ҰОС мүгедектері мен ардагерлеріне жұмсалмақ.
Сондай-ақ, "Олар жеңіспен оралды" естелік кітабын, "Қайта оралған есімдер" жобасын жалғастыру және Қостанай облысынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары жайлы жинақ шығару жоспарланған. Жеңіс саябағы жөнінде буклет те осы санатқа кіреді.
Осыған байланысты облыстық ардагерлер кеңесі жанынан жұмысшы тобы құрылады. Оған Кенжебек Укин жетекшілік етпек. Жұмысшы тобының міндеті жыл бойы ұйымдастыру шараларын өткізу және қаржыны мақсатты түрде жұмсалуын қадағалау.
Ардагерлер кеңесінің бастамасына ең бірінші облыс әкімі Н.Садуақасов бастаған Қостанай облысы әкімдігінің аппараты үн қосты. Мемлекеттік қызметкерлер жинаған 426 мың теңге ақша жоғарыда айтылған есеп-шотқа түсті деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
– Жыл сайын қатары сиреп бара жатқан ардагерлеріміз біздің қамқорлығымыздан тыс қалмауы тиіс. Жеңістің 70 жылдығын мерекелеудегі біздердің басты міндетіміз – кеңес жауынгерінің ұлы ерліктерін жадымызда жаңғыртып, оны бүгінгі жас ұрпаққа үлгі ете білуіміз қажет, – деп атап өтті облыс басшысы.
Айбек
кәдірұлы