Архимед Мұхамбетов: «Карантин жалғасуы мүмкін»
Коронавируспен күрес, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және төтенше жағдай кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу. Бұл мәселелер Қостанай облысы әкімдігінде өткен штаб отырысында талқыланды.
Жиында Қостанай облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департамент басшысы Орал Бекмағамбетов, Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов, Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішев және Жітіқара ауданының әкімі Абай Ыбраев баяндама жасады. Сарапшылар коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Штаб мәліметіне сүйенсек, өңірде 14 сәуір мен 23 сәуір аралығында 36 COVID-19 жағдайы тіркелді, оның ішінде Жітіқарада – 29, Қостанай қаласында – 6, Арқалық қаласында – 1 жағдай.
Орал Бекмағамбетов COVID-19 тестілеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
– Қазір Ұлттық сараптама орталығының филиалында 7335 зерттеу жүргізіліп, 36 оң нәтиже берілді. Зертханалық тексерілгендер саны – 659, оның ішінде жақын байланыста болғандар – 234. Зертханада орта есеппен COVID-19 анықтау құрылғысымен 10650 зерттеу жүргізіледі. Қолымызда 253 жүйе тесті бар. Зертхана тәулік бойы жұмыс істейді, 4 бригада ұйымдастырылды, – деді О. Бекмағамбетов.
Архимед Мұхамбетов карантиндік іс-шаралардың созылуы мүмкін екенін жеткізді.
– Егер сырқаттанғандар саны кемімей, өсім көп болса, онда карантинді режимі жалғаса береді. Бірақ, азайту шаралары кешенді түрде жүзеге асырылатын болады, – деді аймақ басшысы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаров Төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтердің шығындарын өтеу туралы мәлімет берді.
Сонымен, ережеге сәйкес аталмыш бағдарламаға келесі санаттар кіреді:
1) 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер;
2) ҰОС мүгедектері мен қатысушылары және ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
3) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
4) көп балалы отбасылар;
5) ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер;
6) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
7) атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, соның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.
Шығындарды өтеу республикалық бюджет қаражаты есебінен карантин енгізілген елді мекенде сәуір және мамыр айларында жүзеге асырылады. Әр отбасына 15 мың теңгеден беріледі. Өтемақы тұтынушылардың мына шығындарын қамтиды: электр, жылу, газ, су, кәріз, қатты қалдықтарды шығару және лифт қызметтері.
– Облыс бойынша осы әлеуметтік қолдау санатына енетін 50449 азамат бар, әлеуметтік төлемдер сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды. Төлемді алу үшін тұтынушы колл-орталық (109) арқылы АЖТ, ЖСН, әлеуметтік мәртебесі, жеке шот деректері және абоненттің байланыс телефоны көрсетілген өтінімді беру қажет. Өтінім тұрғылықты мекенжайы бойынша қабылданады, – деді Д.Асқаров.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі қалалар мен аудандардың әкімдеріне, мемлекеттік мекеме басшыларына коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар әкімдер карантин кезеңінде халықтың жәрдемақы алуы туралы өтініштерін жедел қарастыруды ұйымдастырады.