Сусынның жаңа түрі жарыққа шығады
«Арасан» Фирмасы» ЖШС облыста жуық арада жаңа зауытты іске қосады. Артықшылығы – құрамында табиғи йоды бар ауыз су шығаратын Қазақстандағы бірегей өндіріс орны болатындығы.
Зауыт ағымдағы жылдың шілде айында ашылмақшы. Қазірдің өзінде нысанға заманауи неміс құрылғылары орнатылған. Бұл құрылғы сағатына әрқилы сусынның 12 құтысын әзірлеуге мүмкіндік бермек. Квас, салқын шай, шырын құрамдас сусындарды қосқанда, зауытта өнімнің 28 түрі шығарылатын болады.
Тың жаңалығы – зауыттың құрамында биоактивті йоды бар ауыз су шығаратындығымен ерекшеленетіндігі. Оның өзі екі түрлі өндірілмек. Пайдалы элементтердің тәуліктік межесі сіңдірілген 1,5 литрлігі – ересектер үшін және ықшам ғана құтышалар балаларға арналады. Осы мақсаттар үшін «Арасан» Фирмасы» чехиялық «Solca» компаниясымен эксклюзивті келісім-шарт жасасып қойды. Жерасты қайнары арқылы алынатын ағзаға пайдалы суды өндіру, саудаға шығару аталған мемлекетте жақсы жолға қойылған. Келешекте екі ел зауыты серіктес, әріптес болмақ.
Ал, «Арасан»Фирмасы»-ның бұл жаңа өнімі ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелдерде де саудаланады деп көзделуде. Жалпы, соңғы жылдары көршілес нарықтар тарапынан аталмыш компанияға деген сұраныстар артып отыр. Сондықтан, жаңа өндіріс нысанында да басты екпін өнімнің сапасына қойылатын болады.
Жандос Жүсіпбек