Жаса, еңбек адамы!
Алдағы жексенбіде елімізде алғаш рет "Еңбек күні" мерекесі тойланады
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен "Еңбек күні" мерекесі тағайындалды. Ол жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл ресми мереке еңбек адамының беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға, жұмысшылар династиясындағы көпжылдық дәстүрді нығайтуға қызмет етпек.
Расында да, соңғы жылдары жастарымыздың дені жұмысшы мамандықтарынан қашқақтап, заңгер, қаржыгер сияқты "төрелік" кәсіпті немесе күзет, таксиші сияқты жеңіл-желпі жұмысты қалайтын болды. Сөйтіп, еліміз жұмысшы және шаруа кадрлардан тапшылық көре бастады. Ұл-қыздың бәрі жоғары оқу орнына талпынады, грантқа түсе алмаса, қыруар ақша шығындап, ақылы бөлімде оқиды. Қолына диплом алып, жұмыс таба алмай көше кезіп жүргендер қаншама?
Міне, бүгінгідей жұмысшы мамандықтары қат болып тұрған шақта бұл мерекенің орны тым бөлек болса керек. "Еңбек күнінің" арқасында құт қонған Қостанай өлкесінде әлі талай Демеевтер мен Дөненбаевалар, Антошкин мен Алдабергеновтер, Қасқабасов пен Ізтаевтардың шығары хақ.
"Жаса, еңбек адамы!". "Қостанай таңының" осы мерекеге арналған арнайы беті осылай аталады.
Елбасының алғысын алған
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
«Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз».
"Еңбек – бәрін де жеңбек", – деген аталы сөз бар ел ішінде. Басынан небір ауыр кезеңдер өтсе де ол ешқашан қиындық атаулыға мойынсынған емес. Соның бәрі өзінің ақ адал еңбегі-нің арқасы деп біледі.
Сәкен Жиентаев – 2003 жылдан бері "АгромашХолдинг" АҚ-ында станокшы-фрезеровщик болып жұмыс істейді. Оның мін-деті – көлік құрастыруға қажетті жабдықтарды жасау. Мәселен, жаңадан құрастырылатын көліктерді кө-теру, жылжыту үшін арнайы құрылғылар керек. Міне, осы қондырғылар Сәкен сияқты епсекті жандардың қолынан шығады. "Мұндайда асығыстыққа жол беруге әсте болмайды. Сондықтан өзіме жүктелген сызбаны мұқият қарап шыққан соң ғана іске кірісемін", – дейді Сәкен аға, – Кез-келген жұмысқа немқұрайлылық-пен қарау табиғатыма жат дүние. Бар ғұмырым осы темір-терсектің арасында өткендіктен сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді Сәкең Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Кезінде Тобыл төсіне комсомолдық жолдамамен келген. Содан бері өзі таңдаған маман-дықтың бүге-шегесіне дейін меңгерген бесаспап маман ретінде кәсіпорында үлкен абыройға ие.
– Осының алдында 21 жыл "Дормаш-та" жұмыс істедім. Енді, міне, соңғы он бір жыл бойы "АгромашХолдинг" кәсіп-орынында еңбек етіп келемін. Қай жерде де жаман болған жоқпын. Бәрі осы адал еңбектің арқасы. Құдайға шүкір, тапқан табысым отбасымды асырауға еркін жетеді. Бәріне шүкір ететін халықпыз ғой, – дейді ол. Тәубашылдығы сол, бұл кісі бес уақыт намазын қаза қылып көрмеген жан. Жан жары Шәмшия екеуі алтын асықтай бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйген бақытты ата мен әже.
"Қанағат қарын тойғызады, қанағат-сыз жалғыз атын сойғызады", – дегенді біздің қазақ әшейін айта салған жоқ. Не нәрсеге де төзім, қанағатшылдық керек. Сонда ғана бастаған ісіңнен нақты нә-тиже шығады. Алла өзінің берер ризығын тауыспасын", – деп сөзін жалғады еңбекқор азамат.
Сәкен осы кәсіпорында жұмыс істеге-лі бері өндіріс ошағына Елбасы Н.Назарбаев төрт рет келіпті. Ол кезде зауыт енді ғана жұмыс істей бастаған. "Алғашқыда Президент дәл мен істеп жатқан станоктың қасына келді. Сөйтті де: "Осында жұмыс істей беріңдер. Бұл зауыт әлі толық қуатына енетін болады", – деп ақылын айтты. Осы бір қас-қағым сәтті ешқашан есімнен шығарған емес-пін. Биыл келгенде де мемлекет басшысымен тағы бет-пебет жүздесудің сәті түсті. Зауыт басшылары маған Елбасының алдынан шығып сөйлеуді тапсырған. Сөзімді аяқтай бергенде, Нұрсұлтан Әбішұлы арқамнан қағып, "бар тәжірибелеріңді жастарға үйре-тіңдер. Олар да көлік құрастыруға ма-шықтансын. Келешекте осы кәсіпорында шығарылған отандық өнімдердің барлығы солардың қолымен жасалатын болады", – деп ізгі тілегін білдірді. Қарапайым еңбек адамына бұдан артық мәртебенің керегі қанша?!
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Суретте: "АгромашХолдинг" АҚ-ның озат жұмысшысы Сәкен Жиентаев.
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ.
Арман алдамайды
Зауыт ішінде шаңқ-шұңқ, тарс-тұрыс дыбыстардан құлақ тұнады. Ұшқын атқан станоктардың гүжілдеген дауысынан мұнда біреудің айтқанын екінші біреу естімейді. Бәрі де өз ісімен әуре. Сымға қонған торғайдай қаз-қатар тізілген небір сұлу көліктер көздің жауын алады. Сол жаққа еріксіз қарай бергің келеді. Бірақ, біздің бұл жолғы "миссиямыз" бөлек. Қа-рапайым еңбек адамының ішкі жан-дүниесіне терең үңілуді көксеп келе-міз. "СарыАрқаАвтоПром" деп ата-латын алып кәсіпорында сан алуан мамандар жұмыс істейді. Олардың барлығы өз ісінің нағыз шеберлері. Сөйлеп кетсе, бәрі де алуан түрлі сырға қанықтыратын түрі бар. Алайда, бізге керегі жас маман. Жас болғанда да өз ісіне адал, кәсіп-орында есімі ерекше аталып жүрген маманмен кездессек дейміз. Ойы-мыздың үстінен дөп түскен кәсіп-орынның баспасөз хатшысы Ангелина Синева бізді жаңа ғана "ине-жіптен" шыққан көліктер тізбегіне қарай бастады. "Сіздің іздегені-ңіз осы жігіт болуы керек. Есімі – Мәди", – деп таныстырды әріптесім.
Мәди Күнтуаров – А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің түлегі. Техникалық ғылым саласы бойынша ол 2012 жылы осы жоғары оқу орынының магистратурасын бітіріп шықты. Универ-ситет қабырғасында жүргенде заманауи ғылымға ден қойған жас жұмысқа орналасуда еш қиындық көрген жоқ. Өткен жылдың ақпан айында Мәди Қостанай-дағы "СарыАрқаАвтоПром" АҚ-ына жұ-мысқа шақырылды. Содан бері ол кәсіпорында аудит жөніндегі маман болып қызмет істейді. Жас маманға жүктелген міндет те жеңіл емес. Зауыт базасында құ-растырылған дайын көліктердің ақаула-рын тексеріп, кемшіліктері болса, оларды өндіріске қайта жөнелтеді. Мәселен, кон-вейерден шыққан көліктердің бірін алып, бұл көліктің жүруге жарамды-жарамсыз-дығын тексереді. Егер темір тұлпардың өне бойынан қандай да бір кемшілік та-былса, ол компьютер арқылы көрсетіледі.
– Әуелгі кезде көлік құрастыруда оны-мұны кемшіліктер кетіп қалатын. Өйткені, өзіңіз білесіз, шетелдік көліктерді құрас-тыру жергілікті мамандарға оңайға түскен жоқ. Ондайда бір мезетте бірнеше көлік-тер конвейерден алынып, өндіріске қай-та жіберіледі. Не дегенмен, қолы жаттық-паған адамнан кемшілік кетпей тұрмайды. Мұндай кем-кетікті жіберуге әсте бол-майды. Біз үшін ең басты талап – сапа, – дейді Мәди Күнтуаров.
Мәди мектеп қабырғасында оқып жүргенде инженер болуды армандады. "Ол жүзеге асты. Бірақ, бірден мынадай шетелдік брэндке айналған көліктерді құрастырып шығарам деген ой үш ұйық-тасам түсіме кірмейтін еді. Негізі адам шын талаптанса, алмайтын асуы жоқ" – деп ағынан ақтарылды менің кейіпкерім.
"СарыАрқаАвтоПром" кәсіпорынында жұмыс істейтіндердің 80 пайызы Мәди сияқты жас қыз-жігіттер. Көбісі өзіміздің қаракөздеріміз. Бүгінгі жастардың дені, біз ойлап жүргендей, тек қана портфель ұстап, офистерде отыратын қызметтерге ғана иек артпай, техникалық мамандық-тарға да машықтана бастауы осы сөзіміз-дің дәлелі болса керек.
– О баста зауытқа келген жапон, кәріс мамандарымен қоян-қолтық араласып, олар бізге өз білгендерін үйретті. Өз істе-ріне жетік шетелдік әріптестерімізден көп нәрсе алдық. Қазір енді бір-бірімізге кө-мектесеміз, – дейді жұмысына жан-тәні-мен берілген Мәди әңгіме арасында, –Жұ-мыс өте қызық мен үшін. Әсіресе, көше-лерден өзіміз құрастырған көліктерді көр-генде іштей масаттанатын кездер болады. Қазақтың да қолынан көлік жасау келеді!
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суретте: "СарыАрқаАвтоПром" ЖШС-нің аудит жөніндегі маманы Мәди Күнтуаров жұмыс үстінде.
Суретті түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ.
Дархан дала ұлымын
Биылғы жылы ауа-райының аса қуаңшылығына қарамастан біздің ауданымызда жақсы егін шықты. Аудан бойынша дән себілген 81 830 гектар жердің әр гектарынан орта есеппен 10 центнерден астық жиналды. Егін орағы кезінде біздің "Жеңіс-БЕК" жауапкершілігі шектеулі серік-тестігінің (директоры Мүбәрәк Шаяхметов) ұжымы алғы шептен көріне білді. Серіктестігіміз бойынша 13 387 гектар жерге дән себілген еді. Осы астықты шаш-пай-төкпей жинап алуға 6 "Век-тор", 4 жаңа "Енисей" комбайн-дары қатыстырылды. Диқандар-дың берекелі жұмыс жасауына серіктестік әкімшілігі лайықты жағдай жасады. Жайлы жатақ-хана, дәмі тіл үйірер асхана, мон-ша тұрақты жұмыс істеп тұрды. Комбайншылар арасында да, ас-тықты Ақсай және Үштоғай ауыл-дарындағы қырманға таситын жүргізушілер арасында да жарыс көлігі қыза түсті. Атап айтқанда: Байжан Ильясов, Есентай Беков сияқты комбайншыларымыз күн-дік нормаларын асыра орындап, әріптестеріне әрдайым үлгі көр-сете білді. Сол сияқты, комбайн-шылар орған астықты бункерлер-ден тиеп алып, қырмандарға жет-кізген Асылхан Өсіпов, Әсет Қощанов, Бейсенбай Жармаған-бетовтер де табысты еңбек етті. Жалпы, біздің бригадамыз бойынша егін орағы науқанында 35 адам еңбек етті. Оларға ас-пазшы Роза Испаева 4 мезгіл дәмді тағам дайындай білді.
Жасыратыны жоқ, биылғы жыл – біздің Торғай өңірі үшін ең ауыр жылдардың бірі болды. Ала жаз-дай аспаннан бір тамшы жаңбыр жауған жоқ. Қазіргі күні де жауын жаумай тұр. Күннің ыстықтығы 46 градусқа дейін көтерілген кездер-дің өзінде диқандар тамаша еңбек үлгісін көрсетті.
Мен өзім көп жылдардан бері "Жеңіс-БЕК" жауапкершілігі шек-теулі серіктестігінде комбайншы болып еңбек етіп келемін. Серік-тестік басшылығы еңбек адамда-рына лайықты жағдай жасай бі-леді. Адамдардың жемісті еңбек етуіне қажетті жағдайды үнемі тудырып отырады. Серіктестік директоры Мүбәрәк Шаяхметов-тен бастап бас агроном Төлеубай Қощановқа дейінгі аралықтағы басшылар атқарып жатқан жұ-мысымызды күнделікті бақылап, істің нәтижесін назарында ұстай-ды. Техниканың, адамдардың үзіліссіз жұмыс істеуін қадағалай-ды. Осының арқасында серіктес-тік диқандары бір кісідей ұйым-шылдықпен жұмыс жасады. Нә-тижесінде, әр гектар жерден 10 центнерден алтын астық жинап, науқанды абыроймен аяқтап шықтық. Қазіргі күні қырманда қызу еңбек жүріп жатыр. Қырман-шылар жиналған дәнді ұшырып, тазалап, қоймаларға кіргізу үс-тінде. Ал механизаторлар болса, келер жылдың қамы үшін жер жырту үстінде. Біз де осы шаруаға кірісіп кеттік. Адал еңбек еткен соң, жақсы еңбекақы алдық. Жал-пы, біздің серіктестікте жұмыскер-лерге жалақы төлеу мәселесі жақсы деңгейде шешілген. Кім табысты еңбек етеді, сол жақсы еңбекақы алады. Сондықтан да, әрбір жұмыскер адал еңбек етіп, мол табыс табуға ұмтылады.
Бітік егін – ел ырысы. "Нан бол-са – ән болады" деп халқымыз бекер айтпаған. Байлық та, бере-ке де – нанда! Біз, дән өсіріп, оны жинаушылар оның қадірін жақсы білеміз. Астық – тоқшылықтың да белгісі. Астық болса бәрі болады! Алдағы уақытта да табыс биігінен көрінуді назарда ұстаймыз.
Бақытбек БАЙМОЛДИН,
"Жеңіс-БЕК" ЖШС-нің комбайншысы, Үштоғай ауылдық округі.
Аманкелді ауданы.
Суретте: комбайншы Ба-қытбек Баймолдин.