Құрылыста – Бекішевтер әулеті

IMG_0480Алдағы жексенбі – Еңбек күні. Бұл мереке елімізде биыл алғаш рет атап өтілмек. Атаулы күннің қарсаңында Қостанай облысының кәсіподақтар кеңесі өңіріміздегі еңбек адамдарына ерекше құрмет білдірді.
Облыстық кәсіподақтар кеңесі үздік 12 жұмысшы әулетін марапаттады. Олардың арасында әкеден қалған кәсіпті әрі қарай жалғап келе жатқан отбасылар бар. Мәселен, қостанайлық Бекішевтер әулеті. Бұл отбасы ұзақ жылдан бері құрылыс саласында жемісті еңбек етіп келеді. Үйдің үлкені Төлеухан – жеке кәсіпкер. Құрылыс материалдарының саудасымен айналысады. Інісі басқаратын "Сатурн 17" ЖШС-ын құрылыс материалдарымен жабдықтайды. Материалдарды Астана, Қарағанды, Польша, Түркиядағы зауыттардан тікелей  жеткізеді. 2005 жылдан бері осынау істі дөңгелетіп отыр. Кейіпкеріміздің үш баласы да әкесіне қолғабыс етуде. 
Төлеухан Бекішевтың інісі Темірхан инженер-құрылысшы.  1989 жылы Рудный индустриялды институтын тәмамдаған. Оқу бітірген соң түрлі кәсіпорында қызмет жасап, 2008 жылы "Сатурн 17" ЖШС құрды. Аталған ЖШС құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысады. Темірхан Бекішевтың қызы Шолпан архитектор. Ол Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты.  Қазіргі уақытта Астанадағы жетекші компаниялардың бірінде архитектор болып еңбек етуде.
Үлкен іске бірлесе кіріскен жұмысшылар әулеті кез келген құрметке лайық. Осындай отбасыларды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Мақанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин, "Нұр Отан" партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Ә.Сапарова, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Б.Ертаева құттықтап, сый-сыяпат жасады.
– Екбектің адам өміріндегі мәні зор. Ол өмірдің негізі. Еңбек мерекесі жастарды еңбекке баулиды және отбасының бірлігін нығайта түседі. Әлемнің 140 елінде Еңбек күні аталып өтіледі. Ал Еуропа елдері жұмысшы әулетіне ерекше көңіл бөледі. Себебі, жұмысшы әулеті – кез келген кәсіпорының тірегі, – деді Қостанай облысының кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Балбөпе Ертаева.
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
Суретте: марапатқа ие болған Бекішевтер әулеті.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓