Тазалық тексерілді
Өңірлік мониторинг топ өкілдері Қостанай қаласының азық-түлік дүкендерін аралап шықты. Басты мақсат – Қостанай облысы мемлекеттік бас санитарының қаулысының орындалуын тексеру. Топ өкілдері сауда дүкендеріндегі дезинфекциялау жұмыстарын, сатып алушылардың арақашықтығын сатқталуын бақылады.
Нан сөрелерін, қант, ұн, күріш сияқты тұрақтандыру қорына енетін азық-түліктердің орналасуын, қаптап-түптелуін мұқият тексердік. Әр тауардың сырты буылып-түйілген болуы керек. Бұған қоса дүкендерге антисептик заттарын қою міндеттелген. Тіпті, дүкендердің есіктері, дүкен ішінде пайдаланылатын арбаларға дезинфекция жасалып отырады. Кассирлер арнайы киімдермен отырып, маска мен қолғап киюлері қажет, – дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Асқар Әлмағанбет.
Мониторинг тобының мүшесі, Қостанай қаласы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Рахат Күзембаевтың айтуынша, қала тұрғындары індеттің алдын алу шараларымен таныс. Осы жұмыстар азық-түлік сататын дүкендерде де үнемі жүргізіліп тұрады.
Мониторинг шарасына қалалық басқарма санитарлық-гигиеналық бөлімнің бас мамандары Әлия Есенғабылова мен Анар Сүлейменовалар да белсенді қатысты. Олардың сөзінше, арнайы топ өкілдері апта сайын тексеріс жұмыстарына шығады.
Әзірге анау айтарлықтай олқылықтар тіркелген жоқ. Кейбір сауда орындарының басшыларына ескертулер беріліп, ұсыным хат жіберілген.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков