Облыс әкімі Рождество мейрамымен құттықтады
Бүгін облыс әкімі А.Мұхамбетов Қостанай қаласындағы Константино-Еленин соборына барып, православтық христиандарды Христов Рождествосы мерекесімен құттықтады.
Православтық бағыттағы христиандық – Қазақстанда сан ғасыр бойы жасап келе жатқан дәстүрлі діннің бірі. Ел тәуелсіздік алған кезден бертін қарай православтық дәстүрлердің қайта жаңғыртылғаны байқалады. Жалпы, Қазақстанның Митрополикалық округін 10 епархия мен 326 приход құрайды.
Ал, Қостанай облысы көлемінде 34 православтық бірлестік жұмыс істейді және отыз қаралы шіркеу бар. Солардың бастыларының бірі – Константино-Еленин соборы. Бүгін христиан дінінің өкілдері осынау шіркеуге ғибадат етпекке жиылды. Облыс әкімі де православтықтардың жарқын мерекесіне арнайы келіп қатысты.
-Дәстүрлі діндерге ортақ дүние – ізгілікті дәріптеп, қоғамның рухани тепе-теңдігін ұстау, патриотизмге тәрбиелеп, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, татулықты нығайта түсу. Осынау жарқын Рождество мейрамы күні барлық христиан діні өкілдеріне зор денсаулық, бақ-береке, табыс және бейбітшілік тілеймін,-деді өңір басшысы А.Мұхамбетов өз сөзінде.