“Кейкі батыр” тарихи монографиясы жарық көреді
Ағымдағы жылы 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс қолбасшысы Кейкі батырға арналған тарихи монография жарық көреді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекет пен ұлттық тарихымыз үшін 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалыстың қолбасшысы Кейкі батырдың бас сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы айтулы оқиғалардың бірі болды. Ол ғасыр бойы Санкт-Петербургтегі Ресей ғылым академиясының Антрополоия және этнография музейінде сақталып келген еді. Бұл Ресей мен Қазақстан Үкіметтері арасындағы нәтижелі келіссөздердің жемісі», – деді ол, елордада өтіп жатқан ведомствоның алқа отырысында.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта батырдың бейнесі мен мүсінін жасау бойынша ғылыми жұмыстар толығымен аяқталып, жерленетін орны да нақтыланған.
«Батырдың бейнесін таныту мақсатында өткен жылы Ахан Нұрмановтың «Құланның ажалы» кітабы 2 мың данамен жарыққа шықты. Ағымдағы жылы «Кейкі батыр» тарихи монографиясы басылады. Кейкі батырдың тарихи кинода жарқын бейнесін жасау арқылы да белсенді түрде танытылатын болады», – деді Мұхамедиұлы.