«Нұр Отан» әйелдер қауымын марапаттады
Әйелдердің халықаралық мерекесі күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалында игі іс шара өтті. Бұған партия құрамындағы өңіріміздің нәзік жандылары бас қосып, облыстық филиалдың бірінші орынбасары Әлия Сапарова жиналған қауымды құттықтап, мақтау қағаздарын берді.
– Көктем осы мерекемен есік қағатты белгілі. Бұл күні тек жер-дүние ғана емес, барлық әйел заты шат-шадыман күйге еніп, көңілдері көтеріліп, бір жасарып қалатыны анық. Бүгін Сіздердің бас қосқандарың біз үшін үлкен құрмет, абырой,- деп Ә.Сапарова елге еңбек сіңірген, әлеуметтік салада қарым-қабылетімен айрықша көрінген әйелдерге жылы лебізін білдірді.
Басқосуда партия құрамындағы көп балалы аналар Қарлығаш Балапанова, Светлана Сон, еңбек ардагерлері Вера Семенова, Роза Атымтаева, Надежда Мураева, мемлекеттік қызмет және банк мекемелерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Рима Ғайсенова сияқты абзал жандар қатысты.
– Биыл өздеріңіз білетіндей, Жеңістің 70 жылдық мерекесі аталып өтпекші. Сол игі шараға «Нұр Отан» партиясымен бірлескен бірталай жобаларымыз іске асуда. «Арадагерлерді ардақтайық» жобасы негізінде көп дүниеміз түгенделіп қалды. Тағы бір тамаша акцияның нәтижесінде түу сонау Ресейдің Красноярск өңірінен қоңырау шалып, өз туған-туыстарына іздеу салған жандар да табылып қалды. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі,- деді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Вера Семенова.
Партиямен тығыз байланыста жүрген журналист әріптесіміз Нәзира Жәрімбетова да басқосуда болып, руханият саласында «Нұр Отанмен» қоян-қолтық атқарған игі істерін де әңгімелеп берді.
Мәжіліс соңында жыл сайынғы дәстүр бойынша барлық жиналған әйелдер қауымына партия атынан гүл шоқтарын тарту етіп, сый-сияпат жасалды.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков