ІНДЕТ ҚҰРЫЛЫСҚА КЕДЕРГІ ЕМЕС

Баспана мәселесі әрқашанда өзекті. Сол себепті де елімізде қалыптасқан жағдайға қарамастан тұрғын үй құрылысы қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Бұған өзінің жұмыс сапары барысында Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов көз жеткізді.
Соңғы үш жылда кеншілер қаласының тұрғын үй қоры жеті жаңа ғимаратпен толықты. Соңғысы былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кезекте тұрған көп балалы аналарға берілген болатын. Бүгін болса Восточная көшесінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тағы бір 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Рудный курылыс (6)
Бақытжан Темірұлы құрылыс алаңында болып, атқарып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді.
Мұндағы 10 бір бөлмелі, 20 екі бөлмелі және 20 үш бөлмелі пәтердің аудандары тиісінше 38, 55 және 67 шаршы метрді құрайды. Баспаналар кезек бойынша әлеуметтік аз қорғалған отбасыларға үлестірілмек. Бас мердігер «РудныйСоколовҚұрылыс» АҚ құрылысқа қажетті материалды пайдалануда жергілікті компанияларға басымдық беріп отыр. Мысалға, кірпіш «Стройпромгрупп-2030» пен «БК-Стройпромның» өнімі болса, цемент жаңадан ашылған Рудныйлық цемент зауытынан сатып алынған.
Мердігер ұйымның бас директоры Нұрлан Орымбаев әкімге құрылыс белгіленген кестеден ерте аяқталуы мүмкіндігін жеткізді.
– Қазіргі таңда жоспарды екі аптаға басып оздық. Сәтін салса, ғимаратты қыркүйек айында толық салып бітіреміз. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Әзірге құрылыста 47 адам жұмыс істеп жатыр. Алайда мамыр-маусым айларында ішкі әрлеуге, инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға қосымша тағы 30-40 маман жұмылдырылмақ.
Карантин режиміне келсек, жұмыскерлерді тасымалдауды, қажетті қорғаныс және дезинфекциялық құралдарымен қамтамасыз етуді өз мойнымызға алдық, –деді ол.
Рудный курылыс (27)
Қала басшысы Бақытжан Ғаязов Басты талап санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау және жұмыскерлердің денсаулығына қауіп төндірмеу екендігін алға тартты.
– Мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік әл-ауқаты өңірлердің даму деңгейіне байланысты. Президент пен Үкімет бекіткен бағдарламалар осыған бағытталған.
Бұл індет түптің түбінде кетеді. Ал салынған үй ешқайда кетпейді. Жүздеген отбасы баспанаға зәру болып отырғанда құрылысты кейінге ысырып қою дұрыс болмас. Бұл «Нұрлы жерді» жүзеге асырудың  бастамасы ғана. Алдағы бір-екі жылдықта №39 шағын ауданға тағы бірнеше үй салып, көшені абаттандырамыз, – деді ол.
Айта кетейік, кеншілер қаласында 2018 жылға дейін Ленин, Сандригайло, Қашар көшелерінде құрылысы бітпей, қаңырап бос тұрған үйлер қайта қалпына келтіріліп келді. Ал су жаңа үйлер тұңғыш рет Восточная көшесінде осыдан екі жыл бұрын салынып, пайдалануға берілді.
Рудный курылыс (33)
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓