Нарыққа “өкпе”

немесе композитор А.Сейітқасымовтың әніне пародия
Торғайлық сазгер Алтынбай Сейітқасымовты жұрттың бәрі біледі.Сол Алтекеңнің "Айналайын Торғайым",  "Кінәләма", "Бала кезім-ай" сияқты көптеген әндері ел ішіне кең тараған. Бұл әндерді қазақ эстрадасының жұлдыздары орындап жүр. Сазгердің "Бала кезім-ай" әніне Алтынбайдың туған інісі Өтеген Сейітқасымов жіп-жинақы етіп пародия жазыпты.
Өтеген – қазақы қалжыңға ұста, тілінің "тікенегі" бар азамат. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсындағы елдің тұралаған жағдайын мінеген  "қыршаңқы" жігіттің әзіл өлеңін ауылдағылар  лезде жаттап алды.Сол кездегі қоғамның тынысын дөп басқан пародияны қаз-қалпында ұсынып отырмыз. (Автордың уытты әзіліне арқау болған бұл шумақтар – кешегі ауылшаруашылығының  бар мүлкі талан-таражға түсіп, ауылдағы техника,мал біткен пышақ үстінен бөлініп,қалғаны бартер деген пәленің жұтқыншағына кетіп жатқан тұста өмірге келді).
Әркез сені көрген сайын ағайын,
Өткенімді мен де есіме алайын.
Достарымды маңайыма жинап ап,
Біразырақ әзіл айтып қалайын.
 
Қ-сы:
Е-ей, нарық келдің, ей,
Бір-ақ сағат жарық бердің е-ей.
Көргеніміз тапшылық,
Бара жатыр жан шығып,
Кетеміз бе тышқан аулап, дала кезіп-ай.
Бұрын болды тоқшылық,
Қазір міне, жоқшылық
Соны көрген бала кезім,
қара көзім-ай!
 
 Ызғып шықтық биыл міне бұл қыстан,
 Бала-шаға у-шу болды-ау тұс-тұстан.
 Аман болсақ тағы-тағы көрерміз
 Не істер екен биыл бізге қу тышқан?!
 
Қ-сы:
 
Ел ағасы сәл де болса ойлаңыз,
Босап қалды қораңыз бен қоймаңыз.
Аз да болса талғажау ғой ауылға
Арық қойды бет алды жоқ соймаңыз.
 
Қ-сы.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Жанкелдин ауданы.
 
Абдолла айтқан екен!
Қостанайлық Абдолла Жан-ғабылов алда, автобустан түсейін деп келе жатса, алдағы бір орындықта толықтау бір келіншек талтайып отыр екен.
– Замандас, сәл ығысыңызшы, өтіп кетейік, – дейді Абдолла.
– Кім сені ұстап тұр?– деп келіншек едірейе қарайды, бірақ былқ етпейді. Сол кезде Әбекең:
Жалпиып отырыпсың  алабөтен,
Ойым жоқ ренжітер сені "көкем".
 Соншама едірейіп қарағанша,
 Бөксеңді сәл тартсаңшы, өтіп кетем,– деп салады.             
                       
* * *
Автобуста артымыздағы орындықта жастары 60-тан асқан екі шал орысша шатпақтап бөсіп отыр. Мұны ерсі көрген Әбекең: "Ау, замандастар, өз тілдеріңде неге сөйлемейсіңдер?" десе олар: "Біз сенен қай тілде сөйлей-тінімізді сұрамаймыз, шаруаң болмасын", – дейді. Сонда Әбекең:
Жараспас бұл шалдарға
қой деген де,
Не істерсің айтқан сөзге
көнбегенде.
Орысша онша жетік
білмеген соң,
Не жетер өз тіліңде
сөйлегенге, – деп салады.
Шалдар не айтарын білмей, сасып қалыпты.  
 Ибраһим АҒЫТАЕВ.
Қостанай  қаласы.
Суретші әзілі
для у-сойкы
Суретті салған Бағдат Сардарбеков.
Арқалық қаласы.
 
Бір кем дүние
Әже, сенің балаң болдым,
Анам бетімнен сүйген жоқ.
Тетелес өскен ініде,
Іштері рас күйген көп.
Жұмақта жатсың жайланып,
Ал мен жетісіп жүргем жоқ.
Ана,
Қарт Торғайдың қызы едің
 кие қонған,
Қасиетті Қайғыға келін болған.
Ешкімнің бетіне келмеген,
Намысты қолдан бермеген.
Қырық қонақ күндіз,
Қырық қонақ түнде келсе де,
Төрлеген!
Ұяламын кей кезде,
Тудым деуге мен сенен.
                   Абай Қажи.
Әулиекөл ауданы.
 
Пародия
Әй, Абай-ай, Абай-ай,
Сөйлейсің бұрын өлгендей,
Жұмақта жатқан әжеңді,
Көзіңмен көріп келгендей.
Мұңыңды "оған" шағасың,
Итқорлықта жүргендей.
Болдың ба сонша бейнетте,
Қырық жастың ішінде,
Шығып алдың зейнетке.
Толды ма ішің түтінге,
Бәрі де жақсы тамаша,
Әже, құдайға шүкір де.
Анаң сенің мықты екен,
Қырық қонақ күндіз,
Қырық қонақ түнде келсе де
Төрлеген.
Дейсің бірақ ұялам,
Тудым деуге мен сенен.
Сараңдығыңа ұялсаң,
Тиын-тебенің қия алсаң,
Қостанайға келіп кет,
Қырық күн емес, бір сағат,
Бізге "бірдеңе" құя алсаң.
Мырзалығыңа сыя алмай,
Жүре бер сосын ұялмай.
Дамир ӘБІШ.
 
Аға мен іні қалжыңы
Алты-жеті жас айырмашылығы болса да, белгілі айтыс ақындары Нұрхан Ахметбеков пен Өтей Қалиев бір-бірімен түсінісіп қатты қалжындасады екен. Елуінші жылдардың басында бір басқосуда екеуінің арасына үріп ауызға салғандай бойжеткен отырса керек. Мұндайда өзінен-өзі әзіл қақтығыс басталмайды ма?
 
Нұрхан:
 
Жиналған жақсылардың мерекесі,
Жарасқан ойыны мен келекесі.
Қарындас бұл жігітке әуес болма,
Жуанның бола бермес берекесі.
 
Өтей:
 
Сөйлейді қалай ащы мына кәрі,
Тұрғандай бұған қарап жұрттың бәрі.
Алдыңда құйқылжыған жас тұрғанда,
Кәрі шал сен секілді кімге дәрі.
 
Сен мені жеңеріңді қайдан білдің,
Пайдасын қызыл тілдің көріп жүрдің.
Азғырып қартайғанда шайтан сені,
Балаңның құрбысымен ойнап күлдің.
 
Нұрхан:
 
Ер жігіт өмір сүреді өлгенінше,
Қызықты ол көрешек көргенінше.
Әшейін көңіл үшін ермек етем,
Әскерден бала-шаға келгенінше.
 
Өтей
 
Айтпаймын өнеріңді тығып қой деп,
Айтамын ақылымды ұғып қой деп.
Сол балаң кетерінде тапсырып пе еді,
Елдегі қыз біткенмен жүріп қой деп.
Сағи Әбілхасенұлы.
Арқалық қаласы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓