Бас мүфти Қостанайда

       Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен өңірімізге келді. Бас мүфти Қостанай ауданында салынып жатқан жаңа мешіттің құрылыс жобасымен танысып, іргетасын қалады. Жаңа мешіт 1500 адамға арналған. Құлшылық үйінің құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. ҚМДБ Төрағасы құрылысшыларға құлшылық үйін Діни басқарма бекіткен мешіт салу ережесіне сәйкес қазақы нақышта салуға назар аударуын жеткізді.
Бас мүфти мешіт құрылысының жоспарға сәйкес аяқталуын Алладан тілеп, дұға жасады. Сондай-ақ, марқұмдар рухына Құран аяты бағышталып, құрбан шалынды.
Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті жанынан ашылған «QAMQOR-SHARAPAT» діни салттық қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты. Аймағымыздың бас имамы Бахытбек Тәжімбет Бас мүфтиге орталық жұмысын таныстырып, халыққа діни салттық қызмет көрсету, мұсылманша жерлеу бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
ҚМДБ Төрағасы имамдар форумында «Зират және зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» құжаттары қабылданғанын атап өтті. Аталған құжаттардың негізгі мақсаты – халық арасында құдайы ас беру, зират көтеру мен қабірлерді зиярат етудің шариғатқа сай әдебі мен ортақ мәдинетін қалыптастыру.
«Кейде кейбір кісілер жақын туысы қайтқан кезде ысырапқа жол беріп, шариғатымыз талап етпеген іс-әрекеттер жасап жатады. Біз осы мәселені шешудің балама жолы ретінде мешіт жанынан діни салттық қызмет көрсету орталықтарын ашып, қазалы үйге барынша көмек көрсетіп келеміз. Сонымен қатар ас беру әдебін қалыптастыру бағытында халықты ысырапқа жол бермеуге үндейміз. Аллаға шүкір, жалпы жамағат пен зиялы қауым өкілдері бұл бастамамызды қолдап, өздерінің ізгі ниеттерін жеткізуде» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Екі күнге жоспарланған сапарында Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкілдігінің «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында ұйымдастыраты «Бейбітшілік пен келісім – қастерлі ұғым» конференциясына қатысуды, «Зекет және қайырымдылық» қоры тарапынан сыйлықтар беру, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша баспана кілттерін табыстау және БАҚ өкілдерін марапаттау шараларына қатысады.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓