Тыңнан түрен салған
Ине шықса да, түйме шықса да, әйтеуір, өзіміздің отандық өнім болғанға не жетсін?! Әйтсе де, киер киім, ішер ас-суымыз, күнделікті қолданыстағы тұрмыстық заттардың басым көпшілігі шетелден әкелінетінін жасырып қайтеміз. Осы орайда тыңнан түрен салып, ерекше өнімімен Қазақстан нарығын жаулап алған компаниялар баршылық. Таныс болыңыз – «МедиДез» ғылыми-өндірістік бірлестігі.
Әлем жұртшылығын әбігерге салған коронавирус індетінің беті қайтар емес. Осы орайда дезинфекциялық және антисептикалық құралдарды шығаратын рудныйлық «МедиДез» компаниясы өндіріс көлемін екі есеге арттырып отыр.
Ғылыми-өндірістік бірлестіктің тарихы 2013 жылдан басталады. Алдымен Швеция, АҚШ, Ұлыбритания, Италия мен Ресейдің танымал залалсыздандырғыш өнімдерін сатумен айналысқан компания 2016 жылы әлемдік стандарттарға сай өз өндірісін іске қосты.
Осылайша «МедиДез» 2018 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары» байқауының аймақтық кезеңінде топ жарып, кейіннен өндірістік мақсаттағы Қазақстанның ең үздік тауарын өндіруші деген атаққа ие болды. Өз брендін қалыптастыра бастады.
Тобылда теңдесі жоқ кәсіпорын бүгінде еліміздің барлық облыстарын микробқа қарсы сабынның түр-түрімен, теріні, медициналық құрал-жабдықтарды залалсыздандыруға арналған өнімдермен қамтамасыз етіп келеді.
– Нарықта дезинфекциялық өнімдер шығаратын кәсіпорындар қаптап кеткені рас. Қолдану аясы, атауышамалас болғанымен құрамы, сапасы, қоспалары әр түрлі. Дәрігерлер қолдарын тәулігіне кемінде 30-40 рет залалсыздандырады делік. Ойлап қараңызшы, егерде тауар сапасыз болса, қолға не болар еді? Сол себепті біз шикізатты Еуропадан ғана алдырып, Қытаймен жұмыс істемеуге тырысамыз. Әрине біздің өнімді айтарлықтай арзан деп айта алмаймын. Клиенттерімізді сапа қызықтырады, – дейді серіктестік директоры Әлия Қайрақбаева.
Өткен жылы кәсіпорын мақсатты түрде Қырғыз нарығын бағындыруға көшті. Мұнымен қоса, Ресейге де экспорт көлемі артып келеді.
– Негізінен, біз денсаулық сақтау ұйымдары мен тамақ өнеркәсібі саласын қамтамасыз етіп келдік. Қазір қалыптасқан жағдайға орай қонақ үй, сұлулық салондары мен түрлі мекемелерден сұраныс көп түсіп жатыр. Сондықтан өндіріс көлемін екі есеге арттырып, қосымша үш адамды жұмысқа алдық. Рецептурамыз ерекше болғандықтан, кейбір тауар түрі ТМД елдерінде де жоқ, – дейді Әлия Мамұтқызы.
Айта кетейік, қазіргі таңда «МедиДез» компаниясының филиалдары Алматы, Ақтөбе, Павлодар қалаларында жұмыс істеп тұр. Ал дилерлік желі Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтау мен Қызылорданы қамтыған.
– Көп адамдар өндіріс орны Алматы, не Нұр-Сұлтанда орналасқан деп ойлайды. «Кәсіпорынның бас кеңсесі Рудныйда» десек, таңырқап жатады. Біз «МедиДезді» нөлден бастадық. Қаңырап бос тұрған, іші су басқан ғимаратты сатып алып, жөндедік. Бір-екі жыл тәжірибе жинақтап, отандық өндірісті іске қостық. Талпынғанның тоқпағы тасқа шеге қағады. Аллаға мың шүкір, мақсатымызға біртіндеп орындалып келеді. Бастысы, халқымыз бұл індеттен аман-есен шықсын деп тілейік! Қалғанын уақыт көрсетер, – дейді "бизнесвумен".
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ