Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Құрметті қостанайлықтар!
Баршаңызды ұлтымыздың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Халқымыз ежелден ұлыстың ұлы күні ақ дастарқанын жайып, ақ тілектерін арнап, көтеріңкі көңілмен ерекше мерекелеген. Егемендігімізбен бірге ортамызға қайта оралған әз-Наурыз мерекесін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының аясында атап өту де ерекше. Себебі, Наурыз мейрамы ел тарихының айнымас бір бөлшегі, мәдениетіміз бен дәстүріміздің киелі бастауы екендігі баршамызға аян. Бұл ата-бабаларымыздың аңсап күткен азат ел болу арманының орындалып, кемел жасқа жеткен кезеңі. Қазақстан әлемдік аренадағы өз орнын белгілеп, дүниежүзіне белгілі мемлекет болды. Ендігі басты міндет – осы жеткен жетістігімізді еселеу, барымызды бағалау, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуі жолында аянбай еңбек ету.
Құрметті жерлестер!
Жақсылықтың жарқын жаршысына айналған Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Мереке аясында жақындарыңызға, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қарияларға құрмет, балаларға қамқорлық көрсетуге мол мүмкіндіктер бар. Осындай қайырымдылық шараларға белсенді араласатын азаматтарға, жалпы ел игілігі жолында жұмыла атқарып жатқан барша қостанайлықтарға ақ пейілмен алғысымды білдіремін. Көктемнің шуағын төккен Ұлыстың ұлы күні әр отбасына шаттық, мол ырыс, ынтымақ әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын!
Архимед Мұхамбетов,
Қостанай облысының әкімі