Төл өнердің қарлығаштары
Қаламызда Арқалық қаласының жас өнерпаздарының "Өңірдің өнерлі өрендері" атты концерті өтті. Енді танылып жүрген қос күйші Әділ Ақан мен Ыбырай Есжанов ұлттық өнерді жастарға насихаттап жүрген түрлі байқаулардың жеңімпаздары. Жастардың болашаққа деген жоспарлары көп екен.
– Біз Арқалық жерінен келдік. Н. Құлжанова атындағы гуманитарлық колледжінде сабақ береміз. Біріміз Алматы қазақ ұлттық консерваториясында білім алсақ, мен Астанадағы қазақ ұлттық Өнер университетін тәмамдаған едім. Бала кезімізден өнерге жақын болдық. Саз мектебінде білім алдық. Осы жолды қуып, ұлттық өнерді әлі де дамыта түссек деген ойымыз бар. Бүгінде туған өлкемізге қайта оралып, сабақ берудеміз, – дейді Әділ Ақан.
Бүгінде ұлттық өнеріміз дамып келеді десек те, эстрада әлдеқайда көп насихатталып жатыр. Мұның да өзіндік себептері бар. Жастар келешекте ұлт аспаптар ансамблін құруды ойлап жүр. Бірақ оған кедергілер көп.
– Жас болған соң жоспар көп қой, әрине. Алдымен түрлі аспаптардың басын қосқан ансамбль құрсақ дейміз. Бірақ ол үшін көп тер төгу керек. Алдымен кадр мәселесі қиындық туғызады. Түрлі аспаптарды игерген жастар бар болғанымен, олар өзге өңірге кетіп қалады. Аспаптар да қажет. Жастар тұрақтап қалу үшін қолдау болса, одан бұрын жастардың өздерінде туған жерді түлетеміз деген ниет, жалын болғаны дұрыс. Сонда ғана біз бастаған ой іске асады деп ойлаймын, – дейді Ыбырай Есжанов.
Жастардың бет алысы жаман емес. Өнерді дамытуға үлес қоссақ деген ниеттері де қолдауға тұрарлық.