Ауданның “алтын” жастары
Аманкелді аудан жастарының 2018 жылғы жетістіктерінің қорытындысы шығарылып, әр салада үздік деп танылған 8 жастың есімдері аудан жастарының «Алтын кітабына» енгізілді. Рәсімге есімдері бұрын облыс, аудан жастарының «Алтын кітабына» жазылған жастар мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Аудан жастарының «Алтын кітабына» есімдері биылғы жылы жазылған жастарды аудан әкімі Ә.Асанов құттықтап, оларға ақ тілегін арнап, арнайы куәлік пен лента және гүл тапсырды.
Жастар арасынан жеңімпаз болып танылған орта мектеп мұғалімі – Гүлмира Әубәкірова, 5 сыныптан бастап бокспен айналысып, спорттың осы түрінен бірнеше рет облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы болған, 11 сынып оқушысы – Нұрхан Жақсылық, өнерімен республикаға танылған 11 сынып оқушысы – Ғанибет Есетова, ауданда құрылыс саласын дамытуға сүбелі үлесін қосып жүрген «Бақыт и К» ЖШС директоры Бақытбек Құсайынов, Жанерке Қайырбекова, Балтасар Ізтілеуов, Азиз Мейрамов, Сырым Тоқтаров сынды азаматтардың есімдері жастар кітабына енгізілді.
Рәсімнен кейін есімі аудан жастарының «Алтын кітабына» жазылған айтыскер ақын Балтасар Ізтілеуов арнау-жырын орындады. Ал ұстаз Саягүл Мұхатина жастарға өлеңін оқып берді.
Осылайша, еліміз бойынша Жастар жылы болып отырған 2019 жылды батыр атындағы ауданның әр саладағы үздік жастары анықталды. Рәсім соңынан оларға арнап аудан өнер шеберлері концерт көрсетті.