Жылы сөз де ем
Денсаулық сақтау саласына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Халық денсаулығын нығайту әрине, ең алдымен әр адамның өз қолында, содан кейін барып, дәрігерлердің құзырында болмақ. Десе де, көп дүние ақ халатты жандарға байланысты. Жаның қысылғанда жылы сөзге зәру боласың, ең бастысы медицина саласында жүрген жандар білікті болсын деңіз.
Ақ халатты дәрігерлерді "абзал жандар" деп бекерге атамаса керек. Адам жанының арашашысы атанған бұл кісілердің қоғам үшін, жалпы адамзат үшін көрсетер көмегі көп. Суреттегі Мәдина Сыздықова осынау маңызды салада еңбек етіп жүрген жас маман. Арқалық медициналық колледжін аяқтаған соң еңбек етуге Алтынсарин аудын Щербаков ауылындағы жаңадан салын-ған дәрігерлік амбулаторияға келді. Медбикенің мойнына жүктелер жұмыс көп. Үнемі зыр жүгіріп, бәрін үлгертіп қоймасаң болмайды. Әрі көмек сұрап келген науқаспен көп тілдесетін де медбике. Ашық-жар-қын мінезімен көптің көңілінен шығып жүрген Мәдинаға тәжірибелі дәрігерлер көңілдері толатындарын білдірді. Білгенінен білмегені көп жастарға жол көрсету алдыңғы буынның ісі.
"Науқас жанға жәрдем жасау біраз білімді, тәжірибені қажет етеді. Асып-саспай, жұмысты рет-ретімен орындаған дұрыс. Науқас үшін жылы сөз де ем". Жас маманға өзгелердің айтар ақылдары осы. Мұны Мәдина да естен шығарған емес.
– Жаңадан ашылған амбулаторияда еңбек еткен жақсы. Бәрі жаңа. Одан қалды ұжым да ұйымшыл. Келгелі көп дүниені үйреніп алдым. Енді құжаттарымды баспана алу үшін жинастырып жатырмын. Ал әзірге пәтер жалдап тұрамын. Алтынсарин ауданы қалаға жақын. Жас мамандар үшін қолайлы аудан. Бүгінде мен сияқты жастар аудан, ауылдар-ға көп барады. Және оған еш өкінбейді, – дейді Мәдина.