Туған жердің игілігі

Қазір біз студентпіз. Анау-мынау емес, 2 курстамыз. Бұрынғыдай емес. Салмақты болған сияқтымыз ба қалай… деп ойлап қоямын ғой кейде. Бірақ, қазіргі айтпағым бұл емес. Айтпағым ауыл мәселесі. Оқудан бос уақытымызда ауылға қарай жол тартамыз. Ауылдың таныс көшелерін бір сүзіп шықпасақ көңіліміз көншімейтіні бар. Енді мен болашақ журналистпін. Сол себептен де көргенім мен түйгенімді қағаз бетіне түсіруді әдетке айналдыр-ғым келеді. Сонымен біздің ауыл деп тұрғаным өзіміздің Қызбел.
Байқағаным, өзім оқыған мектепке өзгеріс орнапты. Әрине, бұл жаңалық бола қоймас. Дегенмен халық арасында "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген нақыл сөзі бар. Қызбелдегі шағын ғана М.Дулатов атындағы орта мектепке "Шынболат баба" руынан тараған ұрпақтар бар шығынды өздері көтеріп, мектеп ауласындағы ойдым-ойдым жолға қазіргі заман талабына сай төсеніштер (брусчатка) төсеп беріпті. Көмек деп осыны айтыңыз. Мектеп бір көркейіп қалыпты.
Тағы бір осыған ұқсас тағылымды іс бар. Осы мектепте 35 жылдан астам уақыт қажырлы еңбек еткен математика пәнінің ұстазы Әмір Әбдіхалық-ұлына арнап балалары құран оқытты. Бұл кісіден білім алып шыққан танымал азаматтар аз емес. Ел экономикасына елеулі үлес қосқан ағайынды  Сайлау және Сәбит Байзақовтар, ғалым Фазылхан  Бәйімбетов те осы кісіден тәлім алған. Осы тұрғыда Әмір ағайдың балалары мен немерелері оқу орнымыздың математика сыныбын күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етіпті. Осы аралықта мектепті аяқтағанына 20 жыл болған түлектер де ұйымдасып, мектептегі шағын балалар орталығына арнайы жиһаздар әкеліп, оқушылар үшін спорт формалары мен доп тарту етті. Сондай-ақ мектептің үлкен дәлізін безендіру мақсатында түрлі қажетті стендтер жасатып берді. (Бұрын бұлар жоқ болатын.) Өнерлі балалар да қолдаусыз қалмады, олар үшін бес домбыра сыйға тарту етілді.
Керемет, бәрінің тұспа-тұс келгені мұндай жақсы болар ма. Мұндай оң өзге-рістерді көріп тұрып қалай ғана жазбаймын деген ойда қалдым. Туған жердің түлектері "қайтсем ел еңсесін көтерем" деп, ауылға көмек беріп жатқаны үлгі емес пе. Мен де осы ауылдың тұрғындары бір масайрап қалсын деген ниетпен қолыма қалам алдым. Әр жанның жүрегі туған жер деп соқса ғой, шіркін.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
ҚМУ-дың 2 курс студенті.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓